Инвесторлар үлес қоспақ
Түркістан облысына қарасты Ащысай ауылындағы өндіріске енді қытайлық инвесторлар инвестиция салмақ. Нысанбай Кенжебаев, Қытай инвесторларларының Түркістан облысындағы өкілі: «Қытайлық инвесторлар өндіріс қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын ашу бағытында облыста жұмыс жасауда. Олар былтыр банкте кепілдікте тұрған, банкротқа ұшыраған Ащысай полиметалл комбинатын аукционда 61 миллион теңге құйып сатып алды. Шикізатсыз өндіріс болмайды. Сондықтан бұл жағын да шетелдіктер қамтыған». Қытайлықтар озық технологияларды пайдаланып, Шымкенттегі қорғасын зауытының жарамды қалдықтарын өңдеп, арасынан 15-17 пайыз қорғасын, мырышын алып әлемдік нарыққа шығарады деген жоспармен келіпті. Бірінші өңдеу өндіріс орны вальц пеші Бадамдағы индсутриалды аймақтағы 15 гектарда орналастырылса, екінші өңдеу өндірісі- шахта пеші осы Ащысайда орналасады. Бұл да болса облыстағы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында қолға алынғалы отырған көрінісі деуге болады. Аталған кәсіпорындарда жергілікті мамандардың үлесі 90 пайызды құраса, қалғаны шетелдіктер. Шлактың қоры бес жылға жететінін қытайлықтар анықтаған. Шлак таусылса, Ащысайдағы қазба байлықтары алынып, өндеуден өткізіледі. Ұзақ мерзімді жобаны жүзеге асыру 25 жылды қамтымақ. Қазіргі таңда инфроқұрылымдарды тарту, экологиялық қауіпсіздік шаралары пысықталуда. Бұдан бөлек Ащысайды жаңғырту бойынша тұрғылықты кәсіпкерлер де ат салысуда. Олар Тассарайдың экологиялық туризмді дамытуға керемет мүмкіндіктерін пайдаланып шалғайдағы өлкені әлемге танытпақ.
Ш.Оразова