Өндірісте оң нәтиже бар
Түркістан облысына қарасты Кентау қаласындағы «Восток-Минерал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы құны 138,4 млн. теңгені құрайтын барит өнімдерін өңдеу зауыты салынуда. Оның қуаттылығы жылына 50 мың тонна барит өңдеуге жетеді деп күтілуде. Кәсіпорынның негізгі шығаратын өнім түрі – барит өнімдері. Бүгінгі таңда қаншама жыл бойы тоқтап тұрған өндіріс орны қайта іске қосылды. Яғни «Южполиметалл ӨК» АҚ-ның кен байыту кешенін сатып алған «Восток-Минерал» ЖШС-і қажетті құрал-жабдықтарды орнатып, сәуір айынан бастап өндірісті жүргізді. Қазір мұнда 100-ге жуық адам еңбек етуде. Кәсіпорын өнімін негізгі тұтынушылар – мұнай-газ саласындағы ұлттық компаниялар. Алдағы уақытта Өзбекстан және Ресей мемлекеттеріне өнім экспорттау жоспарлануда. Бұл еліміздегі индустрилық-инновациялық даму бағдарламасының аясында қолға алынған тірлік. Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында алдағы уақытта қытайлық инвесторлар өндіріс қалдықтарын өңдейтін кәсіп-орынды іске қоспақшы. Бұл бағытта инвесторлар бүгінге дейін кепілде тұрған ғимаратты сатып алу, құжаттарды реттеумен айналысқан. Ендігі кезекте кен өндіруді бастамақ.Зауыттарды қайта тіркеу және заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл тірліктің барлығын атқару үшін уақыт керек. 25 жылға қабылданып отырған бағдарламаға сай олар жер қойнауындағы қазба байлықтарды игереді. Жоба бойынша жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар, қалған 10 пайызы шетелдік мамандар болады, – дейді «Ащысай тау-кен комбинаты» ЖШС-нің өкілі Нысанбай Кенжебаев.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ