ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАРДЫҢ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУГЕ ӨЗ ҮЛЕСІМДІ ҚОСАМЫН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылатын болды.

Бұл жөнінде бүгін Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жолдаған үндеуінде айтты.

Мен тарихшы ретінде Президенттің бұл бастамасын қолдаймын. Жазықсыз жазаланғандар шын мәнінде де жүйелі зерттеуді қажет еді. Менің өзім де Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш зиялысының ұрпағы боламын.

Сондықтан да бұл күн мен үшін ерекше. Яғни, аталарымыз ату жазасына тартылған, ауыр күн. Жыл сайын осы жазықсыз жандардың әруағына құран бағыштап, жанұямызбен еске аламыз.

Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террор» орасан зор қасірет әкелді. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.

— Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз, — деді Президент.

Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сай, енді ата-бабаларымыз жөніндегі тың деректерді тарих беттеріне шығаруға өзім де атсалысатын боламын.

Өйткені бұл біздің еліміздің тарихы. Егемендіктің оңай келмегенінің айғағы. Осы арқылы Тәуелсіздіктің қадірін ұғынатын боламыз.

Әлібек СЕЙДЕХАН,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444