Қай жерде жүрсек те Қазақстанымызды ұмытпаймыз
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында
Шымкент-Цирк ұжымын Мустафиндер отбасынсыз елестету қиын. Бұл отбасы отыз жылдан астам уақыт бойы цирк саласында қызмет етіп келе жатыр. Татар диаспорасының өкілі Сергей Борисович Мустафин және жан-жары Гузель Мустафина екеуі бірге қол ұстасып, цирк сахнасында өнер көрсетеді. Бір қызығы Мустафиндер отбасының ұлы Марк пен қызы Сабина да осында.
Қазір Сабина Қытайдың Чан-Джоу қаласында иллюзист болып тәжірибедене өтуде, сондай-ақ ол жақта келісім-шартпен жұмыс істейтіндіктен еңбек өтілі жалғасып жатыр. Ұлдары Марк циркте ата-анасының қасында болғанмен, биыл Мәскеудегі эстардалық циркке оқуға түсті.
Мустафиндер отбасы акробат өнерімен айналысады. Бастапқыда көгершіндерді, күшіктерді үйретіп жаттығып, кейін аю секілді жыртқыш аңдарға өткен.
-Шымкент циркі құрылмай тұрған жылдары да біз аю үйретуді бастадық. Алғашында қиын болды, оны қайда қоярымызды білмедік, гаражда ұстадық. Кейін зообаққа қайта апарып берген кездерім де болған. Қазір Шымкенттің циркі бар. Жануарларға жағдай жасалған мұнда. Цирк біздің өміріміз десек болады, цирк біздің жұмысымыз бен кәсібіміз ғана емес, цирк өміріміздің мәні.
Біз қай қалада жүрсек те, өз туған жерімізді ұмытпаймыз. Біз отбасымызбен Қытай циркінде үш жыл еңбек еттік. Сол кезде жан-жақтан әртүрлі мемлекеттерден келіп, жұмыс істеп жатқан циркшілер болды. Таңертең цирк алаңына жиналғанда қай ұлттық өкілі келе жатыр, сол ұлттың әнін радиоқабылдағышқа қосып қоятын. Біз келе жатқанда қазақ әндері радиодан шырқалып тұрады. Әрине, бұл біз үшін мақтаныш болды.
Меніңше, цирк ешқандай ұлтқа бөлінбейді. Біздің ұжымда этнос өкілдері жеткілікті, дегенмен, ешкімнің бөлінгенін көрген емеспін, цирк сахнасы мен шымылдығы бізді тату ете түседі.