ШЫМКЕНТТІК ҚҰТҚАРУШЫЛАР МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ СУ БАСҚАН ЕЛДІМЕКЕНДЕРІНДЕ КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ
Шымкент қаласы ТЖ департаментінің қызметкерлері Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендерде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Аталған ауданға 2020 жылғы 2 мамырда шыққан құтқарушылар күн сайын ауданның елдімекендеріндегі судың деңгейіне мониторинг жүргізуде, жергілікті халыққа көмек көрсету үшін су басқан ауылдарды аралауда. Осылайша, Шымкент қаласы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Жеңіс ауылында ірі және ұсақ малдарды құтқару жұмыстарын жүргізді.
200-ден астам үй орналасқан Өргебас ауылында құтқарушылар қайықта тексеру жүргізіп, нәтижесінде жергілікті тұрғындарға көмек көрсетті. Су басқан үйлерден олар құнды заттар мен құжаттарды көшіруге көмектесті. Сондай-ақ, ауылды су ағысынан қорғау үшін құтқарушылар жергілікті тұрғындармен бірлесіп, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізді. Барлығы 100 қап құм төселді.
Командалық-штабтық машинасы арқылы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің, Түркістан облысының және Шымкент қаласы ТЖ департаментінің басшыларымен байланыс орнатылды. Шымкент қаласының құтқарушылары су деңгейінің мониторингін және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда, оған жеке құрамнан 17 адам және 4 бірлік техника жұмылдырылды.
Айта кетсек, бүгін Шымкент қаласынан Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендерге авариялық-құтқару қызметі үшін 30 арнайы техника жіберілді.