ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІ АЗАМАТТАРДЫ ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАЙДЫ
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев онлайн брифинг барысында мәлімет етті.
Қазақстан Республикасында коронавируске байланысты төтенше жағдай енгізілуіне орай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Департаментпен телекоммуникациялық және басқа да байланыс құралдарын пайдалану арқылы коммуникацияларға барынша өту және туындайтын мәселелерді шешу қолға алынған. Соның бірі азаматтарды онлайн қабылдау болып табылады.
«Тұрғындарды қазіргі заманғы байланыс құралдарын (әлеуметтік желілер, Skype және тағы да басқа) пайдалана отырып онлайн қабылдау жүзеге асырылуда. Департамент басшылығына қабылдауға алдын ала жазылу 8(7252) 98-14-20 нөмірі арқылы жүргізіледі.
Одан бөлек, азаматтардың өтініштері egov.kz электрондық үкімет порталы мен «Қазпошта» АҚ арқылы хаттар жіберу мүмкіндігі сақталуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Осы нөмірге қоңырау шалу арқылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпаратты сеніп қалдыруға немесе кеңес алуға болады» — деді өз сөзінде Т.Серікбаев.
Спикердің айтуы бойынша азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру басты басымдықтардың бірі болып табылады. Осы ретте «Adal kómek» жобасы қолға алынып, аталған жоба аясында кеңестер онлайн режимде Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің «Skype» бағдарламасы арқылы апта сайын сенбі күні сағат 11-00-ден 13-00-ге дейін өткізілуде.
Жоба аясында бүгінгі таңда адвокаттар, юристер, мұғалімдер және тағы басқа сала өкілдері кеңестер беруде.
«Біздің басты басымдығымыз азаматтардың құқықтарын қорғау болып қала береді, кез келген өтініш назардан тыс қалмайды. Біз ашық және қолжетімдіміз» — деді Департамент басшысының бірінші орынбасары.