EXPO қалашығында Сингапурдың ұлттық күні тойланды
Бүгін ЭКСПО қалашығында Сингапур елінің ұлттық күні. Сингапурлықтар өз павильондарын «Шағын қаланың үлкен мүмкіндіктері» деп атаған екен. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені Сингапур – аумағы Астанамен ғана шамалас шағын мемлекет. Олардың табиғи ресурстары да шектеулі. Сондықтан болар, осы мемлекет тәуелсіз алған жылдардан бастап баламалы энергия көздерін дамытуға ерекше мән берген екен. Павильон құдды бір орман секілді, өйткені павильонға кіресберісінде Сингапурдың табиғаты және өзіне тән ерекшелігімен танысуға болады. Кіре сала бау-бақшаға тап боласыз, кейін өзіңізді осы тропикалық орманда жүргендей сезінесіз. Павильон жалпы 6 бөлімнен тұрады. Мұнда сингапурлықтар өздерінің баламалы энергия көздерін пайдаланудағы жаңа технологияларын, инновацияларын өздерінше көрсетуге тырысқан. Бұл елде күннен энергия алу ерекше жолға қойылған деген де мәлімет бар. Ал Қазақстанмен Сингапурдың ынтымақтастығына тоқталсақ. Екі ел өз достық қарым-қатынасты сонау 1993 жылы орнатқан екен. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас нығая түсті. Мәселен, өткен жылы қос ел арасындағы алыс-беріс, сауда айналымы 23 млн Сингапур долларын құраған екен. Бұл енді өткен жылдармен салыстырғанда, бірнеше есеге көп. Сонымен қатар шараның ресми бөлімінде Сингапурдың сауда және экономика министрі Қазақстанды Сингапурдың Орталық Азиядағы сенімді серіктесі деп атап өтті. EXPO қалашығындағы Сингапурдың ұлтық күні кешке дейін жалғасады. Павильон шамамен сағат 13:30-да ашылып, сағат 22:00-ге дейін қонақтарды қабылдауға дайын.
Ко По Кун, Сингапур Республикасының Сауда және өнеркәсіп аға министрі: — Сингапур мұнай мен газ қорының жоқтығына қарамастан ірі ойыншылардың бірі. Біз Джуронг аралын әлемдегі ең ірі мұнай химиясын өңдеу зауыттарының біріне айналдырдық. Сингапур — шағын мемлекет. Мұнда өзекті мәселелер де жоқ емес. Оларды шешу мақсатында әрдайым жаңа идеяларды жетілдіріп, жиі сынақтан өткізіп отырамыз. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттерінің біздің елге ерекше қызығушылық танытуы да сондықтан деп ойлаймын. «Арал-мемлекет» атанып кеткен Сингапур әлем назарына үздік жобаларын ұсынып жүр. Мәселен, әлемдегі ең үлкен жерасты салқындату жүйесі елдің «Марина Бей» қаржы орталығында орналасқан. Салқындатылған су ғимараттарға жіберіледі. Осылайша, тұтынушылар қуат көзін 40 пайызға дейін үнемдей алады. Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы: — Сингапурда қысы-жазы күн ыстық. Ауа райы ылғалды келеді. Осы мәселені шешу үшін ғимараттың ауасын салқындату жобасын ойлап тапқан. Қазір бұл әдіске қызығушылар көп. Қос ел арасындағы достық қарым-қатынас 1993 жылы орнады. Содан бері Қазақстан мен Сингапур алыс-берісті нығайта түсті. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы сауда айналымы 23 млн Сингапур долларын құраған. Бұл енді былтырға қарағанда, бірнеше есеге көп. Мамандардың айтуынша, ЭКСПО көрмесінен кейін көрсеткіш еселене түспек.