Шымкентте буккроссингтің жаңа орындары ашылды
Енді Шымкентте қолына кітап ұстаған жандарды жиі көрсеңіз таң қалмаңыз. Себебі қаламызда буккроссингтің жаңа орындары ашылды.
Буккроссинг – басқаша айтқанда, кітаптармен алмасу. Үдерістің жүзеге асу реті: сіз бұрын оқыған кітабыңызды алып, ашық буккроссинг-аймағына апарасыз. Ол аймақтағы кітап шкафының бос сөресіне оқылған кітаптарды қойып, олардың орнына басқа, сіз оқымаған кітаптарды алуға болады. Барлығы тегін.
Шымкентте мұндай буккроссинг — аймақтары адамдар көп шоғырланған жерлерде орнатылды: Олар: М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Silkway Халықаралық университеті, Қазпошта орталығы, «Береке» сауда орталығы және Жастар ресурстық орталығында. Кітап алмастыратын әр алаңға отандық және шетелдік классиктердің есімі берілді. Республикалық маңызы бар үш қала мен он төрт облыс орталықтарында барлығы 17 кітап алмастыру акциясы жоспарлануда. Жаңа буккроссинг-аймақтарын ашу басқа да мәдени шаралармен бірге жүзеге асатынын айтып өту қажет.
Көлемді жобаны өткізудің мақсаты өте маңызды: кітап оқуға баулу және біздің қоғамдағы «кітап алмастыру мәдениетінің» деңгейін көтеру. Акциялар Жастар жылына арналған. Жобаны «Social Development Center» Қоғамдық Фонды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырды.
ELJASTARY.KZ