ЭКСПО қарсаңында Астана мен Самарқанд арасында пойыздар қатынай бастады

Астанадағы жаңа «Нұрлы жол» теміржол вокзалы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында алғашқы «Самарқан-Ташкент-Астана» жолаушыларын қарсы алды.

Жаңа халықаралық бағыт екі ел басшыларының екіжақты ынтымақтастықтығы аясында жүзеге асырылды. Халықаралық пойызды «Қазақстан темір жолы» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік Қоғамы мен «Узбекистон темир йуллари» Акционерлік Қоғамы бірлесіп ұйымдастырды.

Аталмыш бағыттағы жаңа №451/452 «Самаркан-Астана» пойызы Ташкент, Сарыағаш, Шымкент, Тараз, Шу, Сарышаған, Қарағанды станциялары арқылы өтеді.

Бүгінде алғашқы халықаралық пойыздың жолаушыларын Қазақстандық станцияларда құшақ жая қарсы алушылар қатары көп. Келуші Өзбекстан темір жолы әкімшілігінің өкілдеріне «Нұрлы жол» жаңа вокзалы кешенінің ғажайып сәулетімен бірге жолаушыларға сапалы қызмет көрсету орындары таныстырылуда.

«Біз Самарқаннан Қазақстанға келе жатқанда көптеген табиғаты әсем өңірлерді басып өттік. Саяхаттан керемет әсер алдық. Мен бұған дейін осындай ғажайып вокзалды көрген емеспін. Мен бірнеше рет Астанада болдым. Елорданың дамуына таң қалумен келемін. Сіздерге қашанда табыс пен игіліктер тілеймін. Енді Сіздер де бізге жиі келетін боласыздар»,- дейді Өзбекстанның теміржол ардагері Баходир Юсупов.

«Біздің ежелгі қаламыз Самарқанмен Астананы тікелей байланыстыратын пойыз шыққанына өте қуаныштымыз. Сіздердің құшақ жая қарсы алғандарыңызға алғысымыз шексіз. Маған жаңа вокзалдарыңыз өте ұнады. Қазақстанның Астанасында осындай үлкен әрі әсем вокзал бар екендігін туыстарыма айтатын боламын»,- дейді жолаушы Майра Усманова.

Самарқан мен Астана арасындағы теміржол қатынасы екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыта түседі әрі туризмнің дамуына ықпал етеді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында бұл жолаушылар пойызы екі мемлекеттің іскерлік қарым-қатынасына оң ықпалын тигізбек. Осындай халықаралық рейсті ұйымдастыру екі ел үшін де  маңызды оқиғалардың қатарына жатады. Алдағы уақытта бұл рейстер екі мемлекет үшін де аса маңызға ие болмақ, себебі тек іскерлік қарым-қатынас қана емес өзге де бағыттар жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, 21 наурыздан бастап жүрдек халықаралық «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталған №1/2 «Алматы-Ташкент» бағдарымен шыққан пойызға сұраныс артуда.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444