Жамбыл ауданында ата-аналардың форумы өтті
Жамбыл аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында «Ұлт болашағы – ұрпақ тағдыры» тақырыбында ата-аналардың аудандық форумы өтті. Форумға аудан әкімдігі білім бөлімінің мамандары, құқық қорғау, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, мектепішілік қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп психологтары мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қатысты.
Жиында аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Әлия Омарова «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, аудандық орталық аурухана қызметкері Аида Тоқсанбаева «Жасөспірімдер денсаулығы – әлеуметтік байлықтың негізі», аудандық ішкі істер бөлімі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Қанат Алденов «Құқық бұзушылықтың алдын алу және ата-аналардың заң алдындағы жауапкершілігі», аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Арман Смаилов «Төтенше жағдайлардың алдын алу және одан қорғану шаралары», Төле би атындағы орта мектептің психологы Гүлнар Шүкеева «Бала тәрбиесі және тәрбие беру психологиясы» тақырыбында баяндама жасап, «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының директоры Жаннұр Дүйсенова «Виртуалды тәуелділік – жасөспірімдер үшін қауіпті» тақырыбында бейнематериалдар көрсетті. Ата-аналармен психологиялық тренинг ұйымдастырылып, ой-пікірлері тыңдалды. Тәрбие отбасынан басталады. Болашақ ұрпақтың Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен, ата-ананың ықпалымен қалыптасады. Форумға жиналған жұртшылық бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді қызу талқылап, ата-аналар кеңесінің жұмысына көңіл бөлді. Жиынға қатысқан белсенді ата-аналардың бірі З. Жанботаева: — Ата-аналар форумы дер кезінде өтіп жатыр. Өзекті мәселелер қамтылды. Ең бірінші жауапкершілік ата-анада болу қажет деп есептеймін. Отбасында балалармен келіспейтін жағдай болады. Оны қоғамға, мектепке аудармай ата-ана өзі шешу керек, — дейді. Облыстық ата-аналар форумына қатысушылар Елбасы мақаласын да талдады. «Біздің мақсат — өздігінен шешім қабылдауға даяр, рухани қарым-қатынасқа қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, — деп түйіндеді. Аудандық форумға қатысушылар атынан барлық ата-аналарға арналған үндеу жарияланды.