Келелі ашық кездесу өтті
Мойынқұм ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дайрабаев Жигули Молдахалықұлы аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов ашып, ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының бесінші бағытында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек» — деп айтылғандығын алға тартты. Осы орайда «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаевтың арнайы келіп отырғандығын тілге тиек етті. Ашық кездесуге аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы, ветеринария бөлімдері, аудандық инспекция, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалығының жетекшілері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов Жигули Молдахалықұлына «Өзіңізге белгілі мойынқұмдықтар қыс мезгілінің жылыту маусымында сексеуіл отынын пайдаланады. Сексеуіл отынын әр үйге төрт текше метрден босататын. Мойынқұм, Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелері аудандағы 14 ауылдың, яғни 4351 отбасыны қысқы отынмен қамтамасыз ете алмауда. Қазіргі кезде ауа райының төмендеуіне байланысты ауыл тұрғындарында сексеуілге деген қажеттілік көтеріліп, халық наразылығының алдын алу мақсатында сексеуілді тасымалдау бойынша мәселені облысқа жеткізсеңіз», — деп ұсыныс жасады. Мұнан соң Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев ұсынысты құп алып, біз заң шығарушы немесе қаржы бөлумен айналыспаймыз. Бірақ, осылай аудандардағы шаруалармен кездесу арқылы олардың көкейлерінде жүрген сауалдарын тыңдап, тиісті әкімдікке, Үкіметке жеткізуге ықпал жасаймыз. Енді қазіргі таңда Мойынқұм ауданындағы ауыл шаруашылығы жұмыстарын қайтсек жандандырамыз, мал басын қалай көбейтеміз, егін өнімін қалай арттырамыз деген сауалдарды алға қойып, сол төңіректе кеңінен әңгіме өрбітті.
Кездесуге қатысушы Жамбыл ауылының тұрғыны, зейнеткер Қойайдар Бердіғұлов, Айдарлы ауылындағы иелігінде 50 гектар суармалы жері бар Ниетбек Алдабергенов, «Зере» шаруа қожалығының жетекшісі Сүлеймен Мұқатаев, «Болашақ» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Жұмабековтер егін суының жоқтығы, шабындық жерлерде судың болмауы, 1 орама шөптің бағасы 3000 теңгеге қымбаттағаны жөнінде және жол, құдық қазу мәселелерін алға тартты. Бүгінде облыстық фермерлер одағы 800-ге жуық мүшесі бар үлкен ұйымға айналған. Негізгі мақсаты, фермерлердің заңды құқын қорғау.Сондықтан республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев, халықтың қойған сан сауалдарын жазып алып, сұраулы мәселелердің жауапсыз қалмайтынын жеткізді.