Үдемелі алма бақтары дамып келеді
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, облыс бойынша жалпы саны 300 жылыжайдың барлығы 32 гектар алқапта орналасқан, олардан 2018 жылдың 1 кезеңінде жалпы көлемі 2,7 мың тонна өнім алынды. Маусымаралық кезеңде ішкі нарықты 22%-ға қамтып отыр. Қосымша қажетті 37 гектар жылыжай құру жұмыстары қолға алынуда. Жылыжайда жаңадан өсіп келе жатқан көшеттердің жетілуіне де ерекше мән беріледі. Бабын тауып күтсе, күніне бір жылыжайдан жоспарланғаннан анағұрлым мол өнім алуға болатынын айтады баптаушылар. Биылғы жылы облыста ылғал сақтау технологиясы 28 мың гектарға (2017 ж.- 27 мың. га), су үнемдеу – 18,2 мың гектарға жетіп (2017 ж.- 15 мың га), 21,3% артты. Келесі жылы су үнемдеу технологияларын 21,2 мың гектарға енгізу жоспарлануда, ал, 2022 жылға дейін 30 мың гектарға жеткізу жоспарланып, жалпы суармалы егіс көлемінің 15%-на жеткізу көзделуде.
Елімізде әрбір өңірдің өзіндік қалыптасқан табиғаты мен тіршілігі бар. Сол сияқты Жамбыл өңірі де ауыл шаруашылығына, оның ішінде егін және мал шаруашылықтарына қолайлы аймақ. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп шаруаларын шалқытып отырған еңбек адамдары да жетерлік. Асыраушы саланың аймақта қаншалықты дамып, өркен жайып келе жатқанын кешенді бағдарламасы аясындағы жұмыстардан көруге болады.
Облыста 2018 жылы 3375 гектар жерді алма бақтар құрады, оның ішінде 625 гектар үдемелі алма бақтар, олардан жылына жалпы 25 мың тонна алма өнімдері жиналады. Облыста орналасқан барлық алма бақтар тұрғындардың алмаға деген қажеттілігінің 91%-ын қамтамасыз етеді. Ендігі жерде алма жемісіне тәуелділіктен арылып, төл топырағымыздан көктеп шыққан алма өнімдерін жаппай тұтынуға мүмкіндік туатын күн алыс емес. Интенсивті бақтарда тамшылатып суару технологиялары қолданылады.
Тағы бір айта кетерлігі, үдемелі бақ өсіруді қолға алған шаруаларға мемлекет тарапынан қаралатын жеңілдіктер де аз емес. Атап айтсақ, интенсивті жобаларды субсидиялау бағдарламасы бойынша алғашқы жылы әрбір гектарына кеткен шығынның 40 пайызы қожалыққа қайтарылып берілсе, 12 пайыздық үстемемен алынған несиенің 7 пайызы «Қазагроқаржы» АҚ арқылы өтеледі екен. Бұл да шаруа үшін оңтайлы әрі пайдалы тәсіл.
Үдемелі алма бақтар алқабын 2022 жылға дейін 1600 гектарға жеткізу жоспарлануда.