Жер ананы баптасақ, берері мол
Өткен аптада Мойынқұм аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы егістік алқаптарын пайдалануға байланысты жиын өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен егістік жерлермен айналысатын шаруа қожалығының жетекшілері қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімі Мәден Мұсаев Елбасымыз Н.Назарбаевтың биылғы жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесі жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, жиынға Ауылшаруашылығы министрлігінің су шаруашылығы комитеті, «Казсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қалыбек Құдайберген қатысып, егістік жерлерге қатысты өз пікірін айтты. Ол:
-Біз аудан әкімі Мәден Мұсаевтың аудандағы егістіктерге су берілетін каналдарды өз есебімізге алу туралы сұранысына орай арнайы келдік. Кеше бір күн бойы аудандағы 12 каналды түгел көріп шықтық. Сондай-ақ ол каналдарды пайдаланып отырған егістік көлемін, су уақытылы берілген жағдайда тағы қанша гектар жерді қосуға болатынын есептедік.
Облыс көлемінде суармалы жерлермен жұмыс қызу жүргізілуде. Алайда, оған бұл ауданнан бірде-бір гектар жер, не бірде-бір канал қосылған жоқ. М.Мұсаев Жамбыл ауданының әкімі болған тұста егін шаруашылығы, оны суару жолдары бойынша көп жұмыс істегенін білемін. Енді міне бұл ауданға келе сала жан-жақтан жол тауып, канал тазалау, сүдігер жыртуға бірнеше техника алдырып отыр. Жекеменшік қолындағы «Биназар», «Бірлік» каналдары мемлекетке қайтарылды.
Аудандағы 6040 гектар суармалы жер игерілмей отыр. Ал игеріліп отыр деген жерлердің өзі күмән туғызады. Осы жерлерді игеру жөнінде аудан басшысының ауыл-ауылға барып, дихандармен сөйлесуі, жұмыс жүргізуі құптарлық жай. Мұндай талпынысы жоғары басшыға біздің мекеме барынша көмек беретін болады. Оған сіздер сеніңіздер. Екінші өз жерлеріңізді дайындап, күзгі-сүдігер жыртуды кешіктірмеу керек. Ал каналдарды тазалап, су реттегіш құрылғыларды жөндеп, өз уақытында жеткілікті мөлшерде су беріп отыруды біз мойынымызға аламыз. Бұл үшін ауданнан өз мекемеміз жанынан өндірістік бөлім ашып, оның қызметкерлері судың дұрыс берілуін қадағалап отыратын болады,-деді.
-Біздің ауыл егістігіне су келетін «Алайғыр» каналының сағасы тозған. Су уақытылы келмейді. Сондықтанда ел егістікпен айналыспай отыр. Ал бүгін жақсы әңгімелер естідік. Бұл үшін рахмет,- деді Жамбыл ауылынан келген еңбек ардагері Қойайдар Бердіғұлов.
-Бұған дейін,- деді Айдарлы ауылындағы «Дихан» шаруа қожалығының жетекшісі Бүйенбай Қозиев,- Биназар каналы иесіз қалған еді. Енді, міне мемлекетке қайтқаны дұрыс болды. Ауылдағы Сануй каналы тазаланып жатыр, бұған рахмет айтамыз. Су бізге де кеш келетін. Енді оған еге болғалы отыр. Бұл дұрыс. Егістік жері көп Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдарында бірде-бір комбайн жоқ. Аудан басшысы егістікке қажетті техникаларды ұйымдастырғалы отыр. Оның алды келді де. Ендеше дихандар бізде өз тарапымыздан көктемгі егінге қазірден дайындық жасайық.
-Мен «Оңғарбай» каналын пайдаланамын. Аудан әкімі М.Мұсаев ауылға келіп, халықпен кездесті. Бар жағдайды айтты. Тараздан экскаваторлар келіп, каналды тазалап жатыр. Бүгінгі әңгіме, аудан әкімінің әрекетіне қарай отырып, алдағы жылы су келетініне сеніп отырмын. Жалпы каналды екі жылда бір рет тазалап тұрса дұрыс болар еді,- деді Бірлік ауылынан келген «Байтас» шаруа қожалығының жетекшісі Дүйсен Ақылбеков.
Бұдан кейін Құмөзек, Биназар, Күшаман, Мойынқұм ауылдарынан келген Қ.Ердосұлы, Н.Тайлақбаев, Б.Қарсыбеков, Қ.Құлмағанбетовтер егістік алқабын игеруге байланысты ауданда аудан әкімі Мәден Мұсаев келгелі атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, бүгінгі «Казсушар» РМК Жамбыл филиалы тарапынан көрсетілетін қызметке де алғыс айтты. Көктемгі егіске дейін өз жерлерін дайындайтындықтарын айтып, басқа да дихандарға ой салды.
— Егістік жерлерді тиімді пайдаланып, одан мол өнім алу күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Ауданда бұған дейін сүдігер жырту деген болмаған екен. Сүдігер жыртылмаса ол жерден ойдағыдай өнім алынбайды. Жер иелері жерлерін тиімді пайдалануы керек. Шаруа қожалығы жетекшілерінен сұрайтын уақыт келді. Жерді күтіп ұстап, қамыс, қоға, шеңгел, жыңғыл, жиде шығарып, тоздыруға болмайды. Мұның да ертең сұранысы болады. Игерілмеген жерге салық көбейді, оныда есте ұстаған жөн. Бұл істе бізге көмекке келіп отырған Қалыбек Құдайбергенұлы басқаратын мекеме ұжымына алғыс айтамыз, — деді аудан әкімі Мәден Мұсаев өзінің қорытынды сөзінде.