Жамбыл облысы бойынша тұңғыш рет әйелдер-қыздар арасында Құран жарысы өтті

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен, қалалық Кеңесхан қажы мешітінде әйелдер арасында облыстық құран оқу жарысы өтті. Сайыс үш аталым бойынша өткізілді. Құран – күллі ғаламды жаратушы Алла Тағаланың адамзатқа берілген ешбір қатесіз өмір сүру құралы. Құранның бір ғана әрпіне он есе сауап жазылып, оқыған пендеге қияметте шапағатшы болады. Облысымызда тұңғыш рет әйелдер арасында  ұйымдастырылып отырған сауапты сайысқа алты жас пен жетпіс екі жас арасындағы  алпысқа жуық үміткер қатысып бақ сынады. Қара қылды қақ жарар әділқазылар – Данияр Әлимұхаммедұлы, Қанат Әділханұлы, Қасымжан Бекжігітұлы, Жібек Болатбекқызы және Гүлжан Серікқызы  жарыскерлердің дайындығын тексеріп, бағаларын берулері нәтижесінде 3 номинация бойынша І, ІІ және ІІІ орындарды иемденген 9 қатысушы оқ бойы озып шықты.

Сайыстың «Құранды мәнерлеп, бетінен оқу» аталымы бойынша 19 үміткер сайысқа түсіп, алғашқы 3 орын анықталды. Үшінші орынды «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірті Қалдыбекова Динара, екінші орынды «Кеңесхан қажы» мешітінің шәкірті Елеусинова Әсия, ал бірінші орынды «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірті Сүлейменова Зәмзәм иеленді.

«Құранның жарты парасын жатқа оқу» аталымы бойынша 23 қыз сынға түсіп, үшінші орынды «Кеңесхан қажы» мешітінің шәкірті Әлимұхаммед Рабиа, екінші орынды «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірті Тымбаева Шырайлым, ал бірінші орынды «Кеңесхан қажы» мешітінің шәкірті Шадиярқызы Нұрай алды.  «Құранның І парасын жатқа оқу» аталымы бойынша 10 қыз сынға түсіп, үшінші орынды «Кеңесхан қажы» мешітінің шәкірті Бейсеналы Әмина, екінші орынды Жамбыл ауданынан келген Танысбаева Мөлдір алса, бірінші орынға «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірті 6 жасар бүлдіршін қыз Әлжан Ләтифа қазылардың ортақ шешімі бойынша лайықты деп танылып, 150 000 теңге сыйақыға кенелді.

Данияр Жұмабаев, Жамбыл облысының бас имамы:

— Құран оқу сайысы қыз балалар мен әйелдер арасында алғаш рет өтіп жатыр.Әйел ұстаздарымыздың шәкірттерінің қаншалықты деңгейде екенін бағаладық. Басты мақсат жастарды, әйелдерді, қыздарымызды имандылыққа тәрбиелеу, — дейді. Әйел адам үйдегі ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөлге ие. Бұл сайыстың ерекшелігі сол, қоғамдағы әйел-қыз балаларының қасиетті Құран кәрім тағылымын бойларына сіңірулеріне жол ашу. Сондай- ақ, құран жаттауға деген қызығушылықтарын арттыру.

Сонымен қатар, «біз жарыс үшін емес, халық үшін емес, Алла үшін оқыған білімімізді, оқыған нығметтерді жастарға көрсетсек дейміз» дейді қатысушылар. Соңында  бас имам Данияр Жұмабаев жарысқа қатысқандарға ризашылығын білдіре келе, әрі қарай қасиетті  Құран сүрелерін үзбей  жаттай беруді жалғастыра берудің сауабы мол екендігі туралы ақыл-кеңестерін айтты.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарын неғұрлым көп жаттаған адамның жұмақта дәрежесінің соншалықты жоғарылайтынын айтады. Тағы бір хадисінде: «Араларыңдағы ең қайырлыларың – Құранды үйренгендерің және үйреткендерің» (Бұхари), — дейді.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444