ЭКСПО-2017 көрмесіне Австриядан 100-ден аса кәсіпкер келді
Астанада Халықаралық мамандандырылған көрме аумағында Австрия Республикасының Ұлттық күні аталып өтті. Іс-шараға Австрия Республикасының ғылым, зерттеу және экономика министрі Бернадетт Герлингер, Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Австрияның ҚР-дағы төтенше және өкілетті Елшісі Герхард Сайллер, сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов қатысты. Бернадетт Герлингер Астанада Көрмесі таңдаған тақырыптың маңыздылығын айтты. Оның сөзінше қазіргі уақытта «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүкіл дүниежүзі үшін өзекті болып отыр.
«Қазақстан ЭКСПО өткізу үшін аса өзекті тақырыпты таңдаған. Болашақ энергиясы тақырыбының экономика мен экология бағыттарында маңызы зор. Энергетиканы, атап айтқанда жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалану бүкіл дүниежүзі үшін аса маңызды», — деді Бернадетт Герлингер.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астананың ТМД елдері арасында Халықаралық көрмені бірінші болып қабылдағанын атап өтті. Сондай-ақ вице-министр Қазақстан елордасында ЭКСПО-2017 өткізілуінің маңыздылығын жеткізді.
«Қазақстанда ЭКСПО-2017 өткізу үлкен абырой ғана емес, сонымен қатар жауапты міндет болып табылады. Болашақ энергиясы — көрменің тақырыбы экономикалық өсімнің жаһандық қисынына сай келеді, оның негізінде жаңартылатын және баламалы энергия көздерін пайдалануды жақсарту жатыр. Мен біздің көрменің қазіргі заманғы дүниетанымда жаңа бағыт болып, жаһандық ауқымда таза энергияны пайдалануға қатысты жаңа идеяларды алға бастыратынына сенімдімін», — деп қорытты Роман Василенко.
Австриялықтар ең алдымен еліміздің Мемлекеттік әнұранын орындап, көпшілікті қайран қалдырды. Кейін павильондағы қызықты жобаларымен талайларды тамсандырды. Ал Ұлттық күнге орай Австриядан 100-ден аса кәсіпкер келді. Бернадетте Гирлингер, Австрия ғылым, зерттеулер және экономика министрінің орынбасары: — Қазақстан Австрия үшін Орталық Азия өңіріндегі маңызды серіктес. Ал, Астана — болашақ энергия саласындағы идеялармен бөлісуге мүмкіндік беретін таптырмас алаң, деп есептеймін. ЭКСПО көрмесінде өзара тәжірибе алмасамыз. Сөйтіп, арамыздағы ынтымақтастық нығая түседі деген сенімдемін. Ал мұндағы тағы бір қызықты дүниелердің бірі — ол мына велосипедтер. Оның ерекшелігі сол, қос доңғалақты көліктің басқыштарын басып, энергия өндіруге мүмкіндік бар. Бұл қуат мына қабырғадағы теледидардан Австрияның көрікті жерлерін тамашалауға мүмкіндік береді. ЭКСПО-ға атақты Арнольд Шварценеггердің жанама болса да қатысы бар. Өйткені, әлемге әйгілі Голливуд жұлдызы австриялық ағайынды Крайсельдердің жобасын құптап, қолдап отыр. Йохан, Маркус және Филипп электромобильдерге қуат беретін әлемде теңдесі жоқ аккумулятор ойлап тауыпты. Олар көлікті баламалы энергиямен жарақтап, 300 шақырым жолды емін-еркін еңсере алады. Рихард Шенц, Австрия экономика палатасы президентінің орынбасары: — ЭКСПО — біз үшін тың технологияларды таныстыру үшін таптырмас алаң. Біз павильонды қуат өндіретін машина етіп жасадық. Энергия алу әдістерін ойын-сауық, танымдық форматта көрсетіп отырмыз.
Осылайша, мұнда келушілер өзінің күші мен білімін сынай алады. Көрменің Шар пішіндес басты ғимараты — яғни Қазақстанның ұлттық павильонын күн панельдерімен жарақтаған да австриялықтар. Олар осында баламалы қуат көзін өндіретін 380 панель алып келген.