Имамдардың есеп беру жиыны өтті

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен қала және аудан имамдарының осы жылы атқарған іс- шаралары  туралы есеп беру жиыны өтті. Жиында  имамдар өздеріне берілген тапсырмалар мен міндеттерді және үстіміздегі жылы атқарған жұмыстарын электронды нұсқа түрінде көрсетті.

Айта кету керек, биылғы жылды ҚМДБ-сы «Ислам және отбасы» жылы деп бекіткен  болатын. Осы жылда өңірдегі дін қызметкерлерінің атқарған жұмыстары да аз емес. Атап айтсақ орталық мешіт ғимараты жанынан  ұлттық музей ашылды.  Сондай-ақ биылғы қайырымдылық іс- шаралары да жылдағыдан көп ұйымдастырылған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр Жұмабай:

-ҚМДБ-ның бізге нақты көрсеткен төрт тапсырмасы бар. Қайырымдылық, теріс ағым, уағыз және діни білім саласы бойынша. Өткен жылмен салыстырғанда 2018 жылы атқарған жұмыстарымыз 707 шара ұйымдастырылып, он төрт мыңнан аса адамға көмек жасалған. Оның қаржысы да қомақты, — дегенді айтты. Қайырымдылық шаралары жыл бойы жалғасып келеді. Ал, уағыз бен теріс ағымдардың жолын кесу жағдайына келсек, әрбір мектеп пен колледждердегі жеткіншектермен арнайы кездесулер өткізіледі. Жастар теріс қылықтардан бойын аулақ ұстау үшін олардың санасына деструктивті жат ағымдардың зияны туралы дер кезінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жиын барысында Мүфтияттан жіберілген тапсырмаларды дер кезінде орындап, тыңғылықты атқарып келе жатқан аудандардың жұмыстарына жақсы баға берді. Биылғы республикалық дін қызметкерлерінің білім деңгейін сараптау жұмысы да Жамбыл облысынан басталған еді. Бұл жиынға төрт жүздей имам қатысты. Сондай-ақ, жиын барысында ең жоғары көрсеткіш көрсеткендер марапатталды.  Жиын соңында өкіл имам аудандардағы іс-шаралар тек қағаз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде атқарылуын міндеттеді. Білікті имамдар асыл дініміздің қасиетін халыққа толық жеткізіп, өз жұмысын  атқаруға күш салып, жат ағымдардан елді сақтауға қалқан бола білсе деген тұжырымға тоқталды.

Есеп беру жиынында сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты жақсарту, ҚМДБ уағыз-насихат тобын бекіту, интернет жүйесін жетілдіріп, пайдалану, діни басқарма тапсырмаларының орындалуы, Зекет қоры туралы, қажылық, медреселерге оқулық жеткізу, имамдардың киім мәдениеті, оларға семинарлар ұйымдастыру, азаншы мәселесі, басқару-бақылау, оқу-ағарту, уағыз-насихат жұмыстары, діни рәсімдердің жағдайы, құрылыс, шаруашылық жұмыстары, мешіттерге ат беру мәселесі қаралып, пысықталды. Осы тапсырмаларды тыңғылықты орындаған өкіл имамдарға арнайы алғыс хат берудегі мақсат — имамның жігерін ояту, жұмысқа деген талпынысын арттыру екені сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444