Қазақтың қайсар ұлы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ толық жаңартылды

Бүгін қала күніне орай  “Желтоқсан” көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың есімімен аталған саябақ толық жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Халық қаһарманы, қасиетті Жамбыл өңірінің батыры Қайрат Рысқұлбековтің есімімен  аталатын саябақ облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен жаңғыртудан өтті. Басты мақсат 1986 жылғы “Желтоқсан” оқиғасына қатысушыларға деген құрмет көрсету, Тәуелсіздік жолын  өскелең ұрпаққа жеткізу, жастардың патриоттық сезімдерін күшейту.

Саябақтың жобасын – “Табыс жоба”ЖШС дайындаған. Құны — 40,9 млн. теңге. Аумағы-6,5 гектар. Саябақ аумағында батырдың толық ескерткіші орнатылған. Биіктігі – 2,8 метр.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, драматург Елен Әлімжан, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мұрат Бердалиев, Қайрат Рысқұлбековтың әпкесі Гүлнар Рысқұлбекова сөз сөйлеп, халық батырының Тәуелсіздік жолындағы ерлігі ел жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз екенін айтты. Қайрат Рысқұлбеков Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында 1966 жылы 13 наурызда дүниеге келген. 1973 – 81 жылы Шу ауданы, Төле би ауылында Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқып, 8 жылдық білім алды. 1981 – 83 жылы Бірлік ауылындағы бұрынғы Киров атындағы орта мектепте оқып, он жылдықты бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек тауарлы-сүт фермасында жұмыс істеді. 1984 – 86 жылы Амур өлкесі Белогор қаласында әскери міндетін өтеді. Әскери-саяси қызметтердің үздігі ретінде бірнеше мақтау қағазымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986 жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға оралды. Тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматыдағы сәлет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті. Осы жылы 16 – 18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы белсене қатысты. Оның есімі, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жасалған ерлігі мәңгілікке ұмытылмайды.

-Бүгін Қайраттың дауысы жанымыздан естілгендей болып тұр. Қайрат бауырым түрмеде жатқанда шындық әрқашан  жеңеді деп айтқан еді. Бауырым Қайраттың аты еліне танылғаны үшін өте қуаныштымын. Барлықтарыңызға алғысым шексіз!,-деді Қайрат Рысқұлбековтың әпкесі Гүлнар Рысқұлбекова.

Саябақ алдында Қайрат Рысқұлбековтың аты жазылған маңдайша мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және өзге де ұлы тұлғалардың  сөздері жазылған тақталар қойылды. Саябақ аумағында «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, қайта жаңғыртудан өткен «Ардагерлер» үйі және «Ғибрат» орталығы, «Шахмат» алаңы, балалар және спорттық алаңшалары орналасқан.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444