Келер жылы Жамбыл облысының білім нысандары 100 пайыз интернетпен қамтылмақ

Жыл басында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкімет отырысында жергілікті атқарушы органдарға мектептерді интернет және компьютерлермен қамту мәселесін көтерген болатын. Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында ми­нистр­лік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, ведомство бұйры­ғына сәйкес 2018-2019 оқу жылында «Ақ­параттық-коммуникациялық технологиялар» пәні 3-сыныптың оқу бағдарламасына енгізілді, сондай-ақ 2019-2020 оқу жылында 4-сыныпқа, 2020-2021 оқу жылында 1-2 сыныптарға енгізу жоспарланған. Одан әрі 5-11 сыныптардың бағдарламалары, ең алдымен STEM-элементтердің яғни, робот техника, виртуалды шындық, 3D-принтинг және басқаларының қосылуын ескере отырып, бағдарламалау тілдерін қайта қарау өзекті болмақ. Қазіргі таңда өңірдегі білім нысандарын интернетпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтар болсақ, бұл бағыттағы көрсеткіш биыл 93 пайызға орындалса, келер жылы жүз пайызға жеткізу көзделуде. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.

Жиында өңірдегі білім, денсаулық, мәдениет, қызмет көрсету және өзге де салаларын цифрландыру бағытындағы атқарылып жатқан іс-шаралар талқыланды. Осыған дейін бағларлама аясында 182534 адам оқыту курсынан өткен. Бұл биылға арналған жоспардың толық көрсеткіші. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов бұл көрсеткішті жыл соңына дейін тағы да арттыру жолдарын қарастыру керектігін баса айтты. Кең жолақты интернетке қосылу жағынан Талас, Шу, Қордай аудандарындағы көрсеткіш төмен. Сондай-ақ, биыл Тараз қаласындағы 111 балабақшада электронды кезекке қою жүйесі толығымен автоматтандырылмақ. Басқосу барысында ауылдық клубтардағы ақпараттық орталықтардың ашылуы, мекемелердің компьютерлермен қамтылуы секілді жұмыстар да сараланды. Биылғы жылдан бастап өңірдің барлық ауыл-аудандарында ақпараттық орталықтар ашыла бастағаны белгілі. Ақпараттық орталықтар жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлерін өз бетінше қалай пайдалану  қажеттігін үйретеді. Мәселен, үйде отырып интернет арқылы құжаттарды рәсімдеуге, мекен-жай анықтамасын алуға, салықтарды төлеуге, баланы балабақша кезегіне қоюға, бірінші сыныпқа қабылдауға өтініш беру секілді қызметтерді қолдану. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы жиын барысында жоғарыда айтылған көрсеткіштерді көтеру үшін екі-үш жылдық жоспарға байланбай, тиісті шараларды уақыт оздырмай іске асыру керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444