Түркістанға келетін туристердің санын 5 миллионға жеткізу көзделуде

Бірер жылда Түркістан облысы сауда-саттығы қайнаған, тарихи, мәдени нысандарына саяхатшылар ағылған нағыз туризм орталығына айналады. Бұл туралы бүгін Түркістан қаласында Елбасының «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» атты Жолдауын талқылауға арналған жиында айтылды.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының аталған саяси құжатта туризм саласын дамытуға ерекше назар аударғанына тоқталып, бұл жұмыстардың бұрыннан-ақ қолға алынған жоспарларымен бөлісті.

«Мемлекет басшысы: «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс» деді. Мұндай шешім облысымызға келетін шетелдік туристердің санын еселеп арттыруға мүмкіндік береді. Биылғы жарты жылдың өзінде Түркістанға 720 мыңға жуық адам сапарлады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 57,2 пайызға өсті. Жақын арада облыс орталығына келетін 1 миллионыншы туристі күтетін боламыз. Түркістан облысында туризмді кешенді дамыту мақсатында 2018-2025 жылдарға арналған туристік индустрияны дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Таяуда Түркістан қаласында Бірінші «Көне Түркістан – Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік Форумы өтті. Аталған Форумға 19 шетел және қазақстандық 500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде, 1,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын 19 құжатқа қол қойылды», — деді әкім.

Бұл Түркістандағы туризмді дамытуға бағытталған мысалдардың біреуі ғана. Ал жалпы, жан-жақты қолға алынып, түрлі жұмыстарды жүзеге асырудың нәтижесінде, яғни, арнайы түзілген 2018-2025 жылдарға арналған туристік индустрияны дамыту тұжырымдамасы аясында облысқа келетін туристердің санын 5 миллионға жеткізу межеленіп отыр. Ол үшін жасалған жоспар көп. Мәселен, облыс орталығында тарихи этнотуризмді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Ол үшін Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары түзілген. Жоспарға сәйкес, бірінші кезекте Түркістанның ежелгі қоныстарының бірі – Күлтөбе қалашығы қайта жаңғыртылады. Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары, олардың жанындағы ортағасырлық үлгідегі мешіті және басқа да бірқатар нысандар толық қайта қалпына келтіріледі.

Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Яссауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінуде.

Алдағы уақытта Түркістан қаласында халықаралық талаптарға сай келетін әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал салу жоспарланып отыр. Туристерге сервистік қызметті жетілдіру мақсатында Түркістанда заманауи қонақ үйлер мен демалыс орындарын ашуға инвесторлар тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.

Бұл тұста Елбасының таяудағы облысымызға ресми сапарында отандық ірі кәсіпкерлер мен Ұлттық компанияларға Түркістанға бір-бірден қажетті ғимараттар мен мәдени-іскерлік нысандарды салып беруді тапсырғаны есімізде.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444