Темір-бетон өнімдеріне сұраныс көп

Экономиканың өзегі — өндіріс. Оның ел дамуына қосар үлесі зор. Түркістандағы темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт осы үдеден шығып келеді, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Кәсіпорын 2005 жылы «Нұр-строй ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып құрылған. Негізінен отандық шикізатқа иек артқан зауыт өнімдері тек ел аумағына тарайды. Қазір мұнда 130-дан астам жұмысшы екі ауысымда еңбек етеді.

Жасыратыны жоқ, өтпелі кезеңдегі қиындық бұл зауытты да шарпыған. Бірақ, уақыты келіп, өндіріс қайта қолға алынған тұста, зауыт басшылары  байырғы жұмысшыларды қайта шақырып, солардың көмегіне   сүйенген.  Сондай мамандардың бірі – Райхан  Жаңабаева. Ол аспалы кран жүргізушісі. 20 тонналық   кранды ұршықша үйірген Райхан өте тәжірибелі маман.  Өйткені ол бұл  мамандыққа 1979 жылдан бері машықтанып келеді.

Бүгінде бұл мекеменің Шымкент пен Қызылорда қалаларында филиалдары  орналасқан. Олар да қарқынды жұмыс атқаруда. Ал, бір ғана Түркістандағы зауыттың өзі жылына 30 мың куб бетон қоспаларын шығара алады.  Зауыт өнімдері үлкен сұранысқа ие.

Зауыт тек электр бағаналары мен плиталар, фундаменттік бетондар  ғана шығарып қоймайды. Сонымен қатар, құрылыс нысандарын да салумен айналысады.  Мәселен, Түркістандағы 300  орындық Қаныш Сәтбаев мектебі мен 280 орындық «Балдырған» балабақшасының құрылыс жұмыстарын жүргізген. Студенттер қалашығының тұрғын алабына электр бағандарын орнатып, жарықпен қамтамасыз еткен де осы мекеме. Кәсіпорын алдағы уақытта  өз өнімділігін арттыру үшін қосымша цехтар ашуды көздеп отыр.

 

М. Атабек

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444