Дихандарға мемлекет тарапынан көп беріліп жатқан көмек
Бұдан былай шаруаларға жер бөлуді жергілікті әкімдіктің өзі шешпейді. Бұл мәселе арнайы құрылған комиссияның мақұлдауымен жүзеге асады. Тексеру тобының құрамында әкімдік қызметкерлерімен қатар, қоғам белсенділері болады. Бұл туралы Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы. Оның айтуынша, ендігіде жер телімдерін шетелдік үлесі бар компаниялар да ала алмайды. Ол үшін арнайы заң қабылданған. Шаруалармен кездесуде халық қалаулысы дихандарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмектерді айтып берді. Сондай-ақ, түрлі деңгейдегі жеңілдіктер мен несиелерді алу тәртібін түсіндірді. Егістік алқапқа барып, суармалы жер көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарға оң бағасын берді. Бұдан өзге, жергілікті тұрғындардың мұң — мұқтажын тыңдап, арнайы қабылдау өткізді. Кездесуде ауыл тұрғындары мәжілісменге елдімекендердегі электр бағаналарына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы ұсыныстарын жеткізді. Бұл тұрғыдан алғанда Бәйдібекте бірқатар оңды жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Мыңбұлақ, Жыланды ауылдарының орталық көшелеріне жарық шамдар орнатылып, Шаян орталығы толығымен абаттандырылъған. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен іске асады. Айтып өтейік, бәйдібектіктердің негізгі күнкөріс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі мал бағу, егістік баптаумен айналысады. Соның нәтижесінде өздерін қажетті ет-сүт, бау-бақша өнімдерімен қамтып отырған бірден бір аудан.
П.Биназарқызы