Станоктар жоғары сапалы швейцарлық тәсілмен дайындалған
Түлкібас поселкесінің батыс жағынан 1,6 км, Көктерек ауылды мекенінен 600 м қашықтықта орналасқан астық өнімдері комбинаты 1987 жылы желтоқсан айында іске қосылған. Кәсіпорын әкімшілік ғимаратынан басқа элеватор, диірмен, құрама жем дайындау сияқты үш негізгі цехтардан және зертхана, жөндеу-механикалық, электрмен жабдықтау, дайын өнімдер бөлімі сияқты көмекші цехтардан құралған.
Диірмен типтес элеватор әрқайсысы 24000 т барлығы 72000 тонна астықты (бидайды) қабылдайтын үш корпустан тұрады. Бидай (астық) автокөлік және теміржол арқылы жеткізіледі. Элеватор тиімділігі жоғары құрылғылармен жабдықталып, диірменді таза бидаймен қамтамасыз етуге арналған. Диірмен әрқайсысы 250 тонна бидайды өңдеп, жоғарғы, бірінші, екінші сұрыпты сапалы ұн алуға арналған екі секциядан тұрады. Мұндағы станоктар жоғары сапалы швейцарлық тәсілмен дайындалған .
Құрама жем дайындау цехы тәулігіне 250 тонна құстарға,торайларға, ірі қара малдарға т.б арналған жемдерді шығаруға арналған. Республикадағы швейцар станоктарымен жабдықталған Желаево комбинатынан кейінгі екінші диірменге үкімет тарапынан жас мамандармен қамтамасыз ету жағынан көп көмек көрсетілді. Келген мамандар қонақ үй секілді жабдықталған ,коммуникациясы жоғары жатақханаларға, отбасы барлар жаңа типтегі пәтерлерге ие болды. Алғашқы директоры Назарбек Оразбековтың басшылығымен элеваторды тәжірибелі маман Жақсыбаев Абай басқарса, жас мамандар Тулеев Нұрлан диірменді,құрама жем дайындау цехын Тулепбаев Мұхит игеріп, жоғары сапада өнім шығаруға зертхана бастығы Баймбетова Несібелі ат салысты. Мекеме Қазақстан, Қырғызстан және Орта Азия мемлекеттерін «Көктерек» маркалы сапалы ұнмен қамтамасыз етті.
Кеңес Одағы тараған тұста айтулы зауыттардың біршамасы тоқырап қалып, кейін тәуелсіздік алған жылдары қайта еңсе түзеп, ел экономикасы көтерілген кезде толықтай жан бітті. Бір кездері танымал болған зауыттар қанатын сермеп, жаңа атауларға ие болды.