Кәсібің — нәсібің
Былғарыдан аяқ киiм жасаушы шебер түркістандық Баһадүр Сәйдiғаниевтiң осы салада еңбек етiп жүргенiне 30 жылға жуық уақыт болыпты. Оның айтуынша бұл өнердiң бүгiнгi күнi кешеуiлдеп тұрған жайы бар. Ол 9-10-сыныпта оқып жүргенде көршiсi, етiкшi Түркістан қаласының тұрғыны Нарзулла Сайдуллаұлына қолғабыс жасап жүрiп осы iспен айналысуға қызығушылығы артқан. Мектеп бiтiрген соң қаламыздағы “Горпром” комбинатына аяқ киiм жасаушы шебер болып жұмысқа орналасқан. Жұмысын жасай жүрiп 1989-1992 жылдары Ташкент қаласындағы Абдрахманов атындағы Ташполитехникумын “Былғары өнiмдер технологi” мамандығы бойынша сырттай оқып, тәмамдаған. Бертiн келе “Клен” кооперативiнде аяқ киiм шеберi, “Дружба” фирмасында аяқ киiм шығаратын цехтiң мастерi болып жұмыс жасаған. 2001 жылдан берi жеке кәсiпкер ретiнде өз кәсiбiн қолға алып, аяқ киiм тiгумен айналысуда. Шағын цехы да бар. Кез келген өлшемде, қалаған пiшiнде тапсырыспен тiгетiн аяқ киiмдерiн 8-10 мың теңге тiптi одан да жоғары бағада саудалайды. Былғары өнiмдерiн Шымкент қаласынан тапсырыспен алдырады. Шебер өндiрген өнiмiне маркалы брендтiк атау алып, кәсiбiн кеңейтудi жоспарлап отыр. Сондай-ақ, былғары өнiмдерiн өңдеп, аяқ киiм жасау кәсiбiн дамыту үшiн мектеп қабырғаларында еңбек пәнiнен, колледждерде курстық сабақтар ретiнде өткiзу керектiгiн алға тартқан ол қалалық бiлiм бөлiмiмен етене жақын қарым-қатынас жасап келедi. Бар ойы шәкiрт тәрбиелеп, аманат жолды келесi буын өкiлiне тапсыру. Сол үшiн бар өмiрiн осы салаға арнаған азамат әлi де талмай жұмыс iстеуге ниеттi. Шебердiң айтуынша бiр тұтынушы тапсырыспен тiккiзген мәсiнi 12 жыл, келесi бiрi қысқы спорттық аяқ киiмдi 5 жыл тұтынғанын айтып, алғыстарын бiлдiрген. Бұл қаншалықты сапалы өнiм жасап жатқандығына дәйектi дәлел боларлықтай әрi тұтынушыға сапалы өнiм ұсынып алғысын алу Баһадүр үшiн үлкен жетiстiк. Аяқ киiмнiң кез келген мезгiлге сай барлық түрiн тiгудi меңгерген аяқ киiм шеберi былғарының адам денсаулығына айтарлықтай пайдалы, ал жасанды былғарыдан жасалған өнiм түрлi ауруларға әкелiп соқтыратынын айтады. Атап айтсақ, бүйрек ауруы, ревматизм, терi ауруларына шалдығуыңыз мүмкiн. Сауда орталықтарынан орташа есеппен ең кемi 7-9 мың теңгеге аяқ киiм сатып ала аласыз. Салыстырмалы түрде алғанда жоғарыда айтылған шебердiң өнiмiн 8-10 мың теңге көлемiнде сатып алып ұқыпты тұтынсаңыз бiрнеше жыл кәдеге жаратуыңызға болады. Баһадүр шебердiң қолынан шыққан отандық өнiм саулығыңызды арттырып, қаражатыңызды үнемдеуге мүмкiндiк бередi.
Н.Кеңесбеков