Түлкібастың бренді
2020 жылға дейiн Түркістан облысындағы Түлкiбас ауданында алма бау көлемi 3 600 гектарға жеткiзiлмек, деп хабарлайды okg.kz. Осылайша қарқынды бау өсiру дамытылып, өнiм көлемiн ұлғайту жоспарлануда. Алдағы мерзiмде алманы Түлкiбас ауданының брендiне айналдыру жолында жұмыстар атқарылатын болады. Бүгінде Қарқынды бау өсiрумен «Кентау» ЖШС, «Зерде агро» ШҚ, «Түлкiбас транссервис» ЖШС белсендi айналысуда. Шаруашылықтар жемiс ағаштарын күтiп-баптауда өркениеттi елдердiң, оның iшiнде Түркия, Польша мемлекеттерiнiң соңғы үлгiдегi озық тәжiрибелерiн пайдаланады. Бұл интенсивтi бауларға негiзiнен тамшылатып суару технологиясы кеңiнен қолданылады. Барлық қажеттi техникасы бар шаруашылық қызметкерлерiнiң еңбегi айтарлықтай жеңiлдетiлген. Агротехникалық шараларды уақтылы әрi сапалы жүргiзуге ыңғайлы. Мемлекет тарапынан жеңiлдiктер көрсетiлуде. Қарқынды бау үшiн көшеттер отырғызған кезде инвестициялық жобаларды субсидиялау бағдарламасы бойынша алғашқы жылы әрбiр гектарына кеткен шығынның 40 пайызы қайтарылып берiледi. Бұл аймақтың кезiнде алманың «Апорт» сортын өсiрумен де аты шыққаны мәлiм. Аудан бойынша оның көлемi 200 гектарға жеттi. Бұл сорт қысқа мейлiнше төзiмдi, 7-8 жылдан кейiн өнiм бередi. Жемiсi iрi, бiр алманың салмағы 500-600 грамға дейiн тартады. Ал, түсi алқызыл болып көз сүйсiнтедi. Ол қыркүйек айында пiседi. Демек, апорт алмаларды келесi жылдың қаңтар, ақпан айларына дейiн сақтауға болады.
С.Жексенбаев