Орталық Азияны толық қамтуға қауқарлы
Түркістан облысындағы «Хазрат Али Акбар» – өңіріміздегі шикізаттан бастап өнімді толық өндіріп, сауда нүктелеріне дейін жөнелтетін жалғыз компания. Кәсіпорын биопрепараттар, биотыңайтқыштар және биопестицидтер өндіреді, деп хабарлайды okg. kz. Оның өнімдері бүгінде Қазақстанның барлық өңіріне және Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттеріне тасымалданады. Енді Малайзия мен Израиль шаруалары да бұларға қызығушылық танытуда. Компанияны техника ғылымының докторы, профессор С.Усмановтың басшылығымен ағайынды жігіттер құрған. Өмір бойы агрохимия саласында еңбек еткен олар Жер-Ананы баптаудың қыр-сырын толық меңгерген. 2006 жылы құрылған бұл серіктестік алғашында бидай өніміндегі арамшөптерді жою үшін қолданылатын химиялық қоспалар, яғни гербицидтер шығарумен айналысса, қазір оның аясын кеңейтіп, өсімдіктің барлық түріне тұқым дәрілеуіштер дайындайды. Бүгінгі таңда компания жылына 10 мың тоннаға дейін гербицид, 8800 тоннаға дейін тұқым дәрілеуіш өндіруге қауқарлы. «Орталық Азияны биопрепараттармен қамтамасыз етуге толық күшіміз жетеді» дейді кәсіпорынның өндіріс зауытының директоры Жамалидин Махмудов. «МЭРС» микробиотыңайтқыш» құрамында қор қоректік 7 микроэлемент болса, «Биобарс» қоректендіретін ерітінділер құрамында 14 түрлі макроэлемент бар. Демек, оларға түрлі шөптердің элементтері қосылады. Биопрепараттар өсімдіктен алынып тазаланып, құрамы байытылып қайта өсімдікке енгізіледі. Яғни, бұл – таза экологиялық қоспа. Бидайға, мақтаға бөлек, қалған барлық өсімдіктерге жарамды әмбебап түрі де бар. Тек, әрқайсысының өзіне тән өлшемі болады. Тұқым дәрілеуішті сатып алушыларға нұсқаулығын қоса береміз. Сонымен қатар, зауыт жанындағы арнайы зертханада әр жердің топырақ құнарлылығы тексеріліп, соған сай өнім ұсынылады, – дейді кәсіпорын директоры.
Н.Назарбекова