Ақылды технология…
Елбасы айтқан ақылды технологиялармен жұмыс істейтін кәсіпорындар қатары өңірімізде артып келеді. Соның бірі – Түркістан облысындағы «Ордабасы нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тәулігіне 450 тонна бидай өңдейтін Бадам ауылындағы диірмен негізін 2008 жылы қалаған. Түріктің «Genq Degirmen» компаниясының диірменін өңірімізге алып келген алғашқы кәсіпорын саналатын бұл серіктестік 2015 жылы өнім қуаттылығын ұлғайту үшін қосымша автоматтандырылған диірмен қойды. Бүгінде тәулігіне 250 тонна бидай өңдейтін автоматтандырылған диірменді бар жоғы 2-ақ адам басқарып отырады. «Автоматтандырылған диірменнің ерекшелігі көп. Аппаратқа қанша бидай кіріп жатыр, оның қаншасы жоғарғы, 1,2 сұрыпқа бөлінгені және кебекке өткені барлығы да автоматты түрде көрсетіліп тұрады. 14 бөліктен тұратын құрылғының бірінен ақау байқалса оған дейінгілердің барлығы да автоматты түрде істен шығып, керісінше кейінгілері жұмысын тоқтатпайды. Шикізат құрғақ болып бара жатса өзі бір қалыпқа түсіреді. Ылғалдылық қанша пайыз болу керек екенін компьютерге енгізсеңіз болды. Бәрін де робот өзі орындайды. Сонымен бірге, диірмен интернетке қосылған. Шалғайда отырып қанша бидай өңделіп жатқанын, пайызын, барлығын да көріп отырады» дейді кәсіпорын басшылығы. Жалпы кәсіпорында 91 адам жұмыспен қамтылған. Екі диірменде ауысымда жұмыс жасайды. Тәулігіне 450 тонна бидай өңделіп одан 340 тонна ұн өндіріп отырған «Ордабасы нан» ЖШС-нің өнімдері жергілікті сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек, өнімнің 85 пайызы Өзбекстан мен Ауғанстанға экспортталады. Бүгінде Шымкенттегі ең үлкен кондитерлік цехтің бірі «Ладушки» тәттілері «Ордабасы ұн» өнімінен дайындалады.
Н.Назарбекова