ШЫМКЕНТ: «НАУРЫЗ КӨНЕ ШЫМҚАЛАДА» ПРЕМЬЕРАСЫ БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ҰМЫТЫЛМАС ӘСЕР СЫЙЛАДЫ
Бүгін Шымкент қаласы Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрында «Наурыз көне Шымқалада» атты таңғажайып хикаятының премьерасы өтті. Драматург Сая Қасымбектің бұл қойылымы Шымкент қаласының 2200 жылдығы мен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына арналған.
Көне қала тарихынан ой тербеп, Ұлыстың Ұлы күні Наурызды кеңінен насихаттаған қойылымға мәртебелі қонақтар, сахна саңлақтары және бүлдіршіндер қатысты.
Әр қаланың тереңнен тартатын тарихы болуы – заңды құбылыс. Оңтүстіктің інжу-маржанына айналған Шымкенттің қилы тарихы ғасырлар қойнауынан сүзіліп, бүгінгі бізге қалай жеткенін жас ұрпаққа сахналаған туынды көрермендерін тәнті етті. «Көне қала мәңгілік болуы үшін ортасынан өзен ағады» деген ұстанымның шындыққа айналғанына куәгер – «Шымкенттің сұлу алқасына» айналған Қошқар Ата өзенінің шығу тарихына жаңаша көзқараспен шолу жасалынды. Яғни, тіршілік бастауы бірліктен тұратынын, ырыс пен құттың берекелі ынтымаққа жетелейтінін, әз Наурыздың мән мағынасын айшықтап берді.
Тарихымызды тарқатқан туынды бүлдіршіндерді таңғажайып ертегілер әлеміне апарып, шат-шадыман күй сыйлады. Осы орайда оқиға желісіне ойыссақ, жақсы оқушының рөлін сомдаған Бекнар: «Тарихын білмеген, болашағын да болжай алмайды» деп атасының нақылын айтып, досын білім алуға үгіттесе, жаңа заман үрдісімен ұялы телефонға телмірген Қалжан бұл сөзге күле қарайды. Мұны кітаптан емес, интернет желісінен-ақ оқып алатынын алға тартады. Бірақ күзетші тыйым салған қошқар мүйізін бұрап, көне ғасырға тап болған сәтте телефонының қуаты бітіп, оның түкке іске аспай қалғанын көріп, кітап оқу керектігін түсінеді. Бұл ретте Қалжан көне қала тұрғындары өз жерін жаулардан қалай қорғағанына куә болады. Қойылымның соңына қарай қақпа сыртындағы шапқыншылар кері шегініп, Ұлы Жібек жолымен жеткен керуен бақ-береке мен бейбітшілік Туын ала кіреді. Дәл осы күннен бастап қағанның өкімімен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін тойлау бекітіледі. Сондай-ақ, қойылым барысында Қошқар ата мен Ұмай ана қолөнер, мәдениет, яғни, өркениеттің бастауы болған көне қаланы бүгінгі жасыл қаланың тұрғындары қастерлеу қажеттігін айтып, өз аманаттарын жеткізеді.
Қорыта жеткізсек, көне ғасыр мен жаңа өмірді байланыстырған бұл туынды көрермендерге тарихи тағылым берумен қатар, отансүйгіштік қасиетін арттыра түсетіні анық.
Айта кетейік, қойылым барлық санитарлық талапты сақтай отырып өткізілді.
Еске салсақ, бұл туынды Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында 22 наурызға дейін жалғасады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото – Самат Мырзалиев