Р.Мулланур: «Өскенде анам секілді дәстүрлі әнші болғым келеді»
Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы және «Қазақтану» жобасы аясында өткізілген «Ұлт үні» байқауының конкурсанты, татар диаспорасының өкілі Руслан Мулланур қазір №84 мектептің сегізінші сынып оқушысы. Әнге құмар шынашақтай баладан көп үміт күтуге болады. Руслан қазақ әндерін ерекше сүйсініп орындайды. Әсіресе, бүлдіршін жасынан ұлы Абайдың өлендерін, қара сөздерін, қазақ вальсінің королі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерін тыңдап, тыңдап қана қоймай достарының арасында именбей орындап өсті.
Бұл күндері Руслан музыкалық мектепте дәріс алып жүр, ұстазы Идрисова Құралай Асылханқызын мақтанышпен айта алады. Русланның бойына әншілік өнер анасынан дарыған секілді. Өйткені, анасы домбыраның құлағында ойнайтын, дәстүрлі әнші, әрі ақын, айтыс өнерінен де төбе көрсеткен қазақ қызы Алмаш Айдарханова. Ал, Русланның әкесі Наил инженер-автоэлектрик, ол ұлын әрқашан қолдайды. Өнеріне ізгі тілегін арнап, болашақта баласының жарық жұлдыздай жарқырап шығатынына сенімділікпен қарайды. Өскенде анам секілді дәстүрлі халық әншісі болғым келеді дейді Руслан Мулланұр. Ол бұл жолы көрерменге Шәмшінің «Әнім сен едің» әнін тарту етті.