Шымкент – қонақжай қала, жылы жүзді тұрғындарымен ерекше

Шымкент қалалық цирк ұжымында көптеген өнер иелері шығармашылық қызмет етіп келеді. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жыл толуына орай біз иран этносының өкілі Сайд Азиз Шамшиевпен кездесіп, әңгімеге тартып көрдік.

  • Мен Шымкент-Циркте бес жылдан бері жабайы аңдардың жаттықтырушысы болып еңбек етіп жүрмін. Соның ішінде жолбарыс, аю, маймыл секілді орманда мекен ететін түз тағыларын манеж үстінде бағындырамын. Әрине, түз аңдарын бір сызықтың бойына отырғызып-тұрғызып, әрқандай трюктар жасап үйрету оңай емес, бұған үлкен қажырлық, талмаймын еңбек керек.

Өзімнің балалық шағым Тәшкенде өткен, кейін он төрт жылдан аса уақыт әлемдік аренадағы Никулин циркінде тәжірибеден өттім, бұл менің өнердің биік асуындағы баспалдақтарым десем болады. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын.  Шымкент – қонақжай қала, жылы жүзді тұрғындарымен ерекше. Мұнда көптеген ұлт өкілдері аянбай еңбек етіп, достық пен бірлікте өмір сүріп жатыр.

Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл күндері аюды би билеуге дайындап жатқан жайым бар. Халық билерінен жаңа номер әзірлеуге кірістім. Айта кетейін, өмір болған соң, басқа салаларға да мойын бұрып, еңбек етіп көрдім. Алайда, циркке қайтып орала беремін. Өйткені, цирк манежі мені тартып тұрады, екінші үйім болып кеткен. Цирктен кете алар емеспін және өзімді осында бақытты сезінемін.

Ұжымда түрлі этнос өкілдері жеткілікті, дегенмен мұнда «сен мына ұлтсың, сен ана ұлтсың» деп бөліну жоқ, бір үйдің баласындай тату-тәтті жұмыс істеп келеміз. Сөз реті келгенде Шымкент-циркінің алға басып, дамуына көп үлесін қосқан Арман Махмұтұлына ұшан-теңіз алғысымды білдіргім келеді, шығармашылық жағынан көп мүмкіндік берді, ұжымды демеп отырды, жайлы атмосфера қалыптастырды. Цирк біздің үйіміз секілді болып кетті.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444