АЛИК ШПЕКБАЕВ «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ҚОЙМАСЫНА БАРДЫ: «БАРМАҚ БАСТЫ, КӨЗ ҚЫСТЫ ЖҰМЫС БОЛМАУЫ ТИІС»
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А. Шпекбаев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында COVID-19 екінші толқыны кезеңінде азаматтарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы «СҚ-Фармация» ЖШС операциялық қоймасына барды. Қойма облыстың емдеу мекемелері мен ұйымдарының Нұр-Сұлтан қаласындағы хабтан дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды жедел алу қағидаты бойынша ұйымдастырылған.
Түрлі ауруларды стационарлық және амбулаториялық емдеуді қамтамасыз ету аясында медициналық мекемелердің дәстүрлі өтінімдеріне де, коронавирустық инфекцияны емдеуге қажетті қаражатқа тапсырыстарға да қызмет көрсетіледі.
«Әкімдік дәрі-дәрмектер, дәрігерлерді қорғау құралдары, оның ішінде гуманитарлық көмек аясындағы ашықтыққа назар аудара отырып, қоғамдық ұйымдарды белсенді түрде тартуда. Пандемия әрбір қазақстандыққа әсер етті. Сондықтан бармақ басты, көз қысты жұмыс болмауы тиіс. Әрбір дәрі-дәрмек алаяқтардың табыс көзіне айналмай, тұтынушысына жетуі өте маңызды», — деп баса айтты Алик Шпекбаев.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар өңірлерде мониторингтік топтар дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құралдарының азаймайтын қорын қалыптастырудағы мәселелер туралы мәлімдеген болатын. «СҚ-Фармация» Қостанай филиалының өкілдері барлық логистикалық қателер ескерілгенін және бүгінгі күні өңірде қажетті қор бар екенін айтты.
Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері хабарлағандай, коронавирустық инфекцияны, пневмонияны және ЖРВИ емдеуге бағытталған дәрілік заттармен азаматтарды қамтамасыз ету мақсатында дәріхана желілері мен фармацевтикалық фирмалардың дистрибьюторларына 538 млн.теңге бөлінді.
Осыған байланысты, Агенттік төрағасы пандемияның екінші толқынына дайындық барысында облыстың материалдық қоры есебінен сатып алынған дәрі-дәрмектерді сататын «Цветная» дәріхана желісін аралады.