ШЫМКЕНТ: 6 АЙДА ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДАН 1,3 МЛРД ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ САЛЫҚ ТҮСКЕН
Аумағы 426 га жерді құрайтын Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтарынан биылғы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында қазынаға 1,3 млрд.теңге салық түскен.
Бұл туралы кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте баяндады.
Оның айтуынша, индустриялды аймақтарда құны 126,7 млрд.теңгені құрайтын 124 жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Нәтижесінде 6 мыңнан аса тұрғын жұмысқа тартылады. Оның ішінде 70,9 млрд.теңгеге 84 жоба іске қосылып, соның арқасында 4 мыңнан аса жұмыс орны құрылыпты.
Сонымен қатар, осы жылдың 1 тоқсаны бойынша «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтарында 6 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, экспортқа шыққан өнім құны 1,9 млрд.теңгені құрап отыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі