ҚАЗАҚСТАН МЕН ШВЕЙЦАРИЯ ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУҒА МҮДДЕЛІ

EXPO көрмесінің аумағында  Швейцария Конфедерациясының ұлттық күні атап өтілді. Шараға  Еуропа елінің  президенті Дорис Лойтхард қатысып, сахна төрінде  сөз сөйледі. Кейін шетелдік музыкалық топтар өнер көрсетіп, жұртшылықты тамсандырды. Дәстүр бойынша делегациялар  ұлттық павильон аумағын аралауға келді. Павильон 3 аймақтан тұрады. Әркім осында келгеннен кейін өзінің жеке бағдарламасын жасап, Швейцарияның  барлық тұстарымен жан-жақты таныса алады. Оның басты идеясы  елді энергия көздері  табиғаты  мәдениеті арқылы  көрсету болды. Павильонды салу кезінде  заман талабына сай  экологиялық технологиялар қолданылған. Келушілер  өзінің энергетикалық балансын  өлшей алады. Жалпы Швейцария  Қазақстанның ең басты стратегиялық  және сауда әріптестерінің  бірі болып табылады. Екі ел арасындағы  дипломатиялық қарым-қатынас 25 жыл бұрын орнатылған. Осы уақыт аралығында көптеген салада екі жақты ынтымақтастығымыз нығайды. Әсіресе  білім беру бағытында  көптеген жұмыс атқарылды. Бүгінгі кездесуде де екі мемлекет өкілдері  ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойды.  Дорис Лойтхард, Швейцария Конфедерациясының президенті:  — Швейцария – Қазақстанның сенімді экономикалық әріптесі. Біздің кәсіпкерлер ел экономикасына инвестиция құюға дайын. Біз көптеген саладағы тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Әсіресе баламалы энергетика бағыттары бойынша жетістіктеріміз мол. Швейцария жаһандық инновациялық индексте 7 рет көш бастады.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров Швейцария Ұлттық банкінің президенті Томас Йордан мырзамен кездескен болатын. Кездесу барысында  «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасы аясында екіжақты іс-қимыл мәселелері, сауда-экономикалық серіктестік, сонымен қатар, инвестициялық ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Кездесуде айтылғандай, 2016 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналым 2,8 млрд. АҚШ долларын құрады (0,3%-ға артты). Екі жақ тарап та алдағы уақытта өзара экспортты ілгерілету мен тікелей бизнес өкілдері арасындағы байланысты қамтамасыз ету арқылы тауар айналымды арттыруға мүдделі.

Анықтама. 2005 — 2016 жылдары Швейцариядан Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 16 млрд. АҚШ долларын құрады. 2017 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Қазақстанда швейцариялықтардың қатысуымен 443 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген. Қазіргі уақытта олардың 325-і жұмыс істейді.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444