ТҮРКІСТАН: ҚОҒАМНЫҢ АШЫҚТЫҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖАСЫРУҒА МҮМКІНДІК БЕРМЕЙДІ
Осы жылдың сәуір айының басында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушылары мен студенттері арасында, сыбайлас жемқорлықтың көріністерін анықтау мақсатында жасырын сауалнама жүргізілген.
Бүгін Халықаралық оқу ордасында жүргізілген сауалнаманың нәтижелерін жариялау мақсатында келелі іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өткізілген сауалнаманың қорытындыларын талқылау және оқу орнындағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін анықтау мен оны жоюдың жолдарын қарастыру.
Жиынға Департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев, Университет ректоры Болатбек Абдрасилов, университеттің І-вице-президенті Женгиз Томар мен оқу орнынның оқытушылары қатысты.
Алғы сөзді Департамент басшысы Ғалым Сұлтанұлы алып, оқу ордасында өткізілген сауалнаманың қорытындысын жария етті.
Сауалнама нәтижесі көрсеткендей оқытушылар арасындағы олқылықтарға кең тоқталып, студенттердің пара берудегі негізгі себептерін атап өтті.
Қоғамның ашықтығы мен интернет ресурстарының жылдамдығы сыбайлас жемқорлықты жасырып қалуға мүмкіндік бермейтіндігін оқу орынның оқытушыларына құлаққағыс етті.
Жиын барысында университет президенті Болатбек Серікбайұлы сыбайлас жемқорлықтың елге тигізер залалын атап өтіп, келесі оқу жылынан бастап барлық курстарға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» пәнінің енгізілетінін мәлімдеді.