Біріккен Араб Әмірліктерінің қарқынды дамуының сыры неде?

Бұл сауалдың жауабын іздемес бұрын, ең әуелі араб тілінде, содан соң 2012, 2014 және 2015 жылдары ағылшын тілінде үш мәрте жарық көрген Дубай Әмірі және Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) премьер-министрі әрі вице-президенті шейх Мұхаммед ибн Рашид Әль Мақтумның «My Vision. Challenges in the Race for Excellence» («Менің ұстанымым. Даму сайысындағы сынақтар») атты кәусәр да мөлдір ниет бұлағынан бастау алған және шынайы әділет қағидаларына негізделген заманауи туындысына терең талдау жасаудың жөні бар.

Біріншіден, шейх Мұхаммед ибн әл Мақтум өз туындысына жазған кіріспе бөлімінде Мұхаммед пайғамбар­дың күллі мұсылмандарға жолдаған: «Егер сендер өз бастарыңа тілеген жақ­сы­лық­тарды өзге қандас бауырларыңа да дәл солай тілемейтін болсаңдар, онда ешқайсыларың да шынайы мүмин бола алмайсыңдар» деген өсиетіне бекер сілтеме жасамаған сыңайлы. Себебі шейх бірде, дәлірек айтқанда, Рамазан айының соңғы онкүндігі кезінде бейтаныс бір журналистің өзіне қойған тосын сауалы қатты ойландырғанын еске алады. Сөйтсе, әлгі журналист шейхтен: «Егер Қадыр түні Алла сізді жарылқай қалса, не қалаған болар едіңіз?» десе керек. Сонда шейх: «Мен Алланың Әмірліктер мен туған халқымның көсегесін көгерткенін қалар едім» деуге ыңғайлана беріп, кілт іркіліп қалыпты. Себебі дәл сол мезетте оның ойына жоғарыдағы Мұхаммед пайғамбардың күллі мұсылман қауымына жолдаған әлгі қасиетті өсиеті түсе қалады да, тәубесіне келіп: «Егер мен әлгі арман-қалауымды жария етіп жіберген болсам, Алладан тек өзіме етене жақын Әмірлік­тер мен өз халқыма ғана жақсылық ті­леп, өзге арабтардың мүддесін тәрк еткен болар едім ғой», деп сабасына қайта түседі. Демек, әлгі қас қағым сәтте шейх әлемдегі ең құнды ұстанымдардың төресі әділет екенін терең түйсінген. Кәдімгі бір «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген бабалармыздың аталы сөзін қайталап тұрған секілді.

Екіншіден, шейх Мұхаммед ибн әл Мақтумның көкейкесті нысаналарының енді бірі БАӘ-ін тек аймақтық көшбасшы мемлекет болуымен ғана шектемей, білім мен ғылымы қатар өріс алған, рухани, мәдени әрі экономикалық дамудың барлық бағыттары бойынша күллі әлемге үлгі болатын іргелі халықаралық хабқа айналдыру еді.

Үшіншіден, жоғарыда аталған биік мұраттармен қатар Дубай әмірі БАӘ-нің халыққа көрсететін қызметтің қай түрінде болмасын, туризм саласын­да болсын, тіпті креативті адами ресурстар­ды дамытуда болсын, әлемнің ең алдың­ғы шебінде болуын бірінші орынға қоя­тын.

Төртіншіден, шейх өз халқының күллі әлеуеті мен әл-аухатын биіктетуді негізгі мақсаттардың бірі деп санап, солай ету арқылы ел басқару жүйесінің тиімділігін құрғақ сөз емес, нақты істермен дәлел­деп, көшбасшылық көрегендікпен өзі бел­гілеген мақсаттарды толық іске асыру үшін іріктеген командасының іскер­лік қабілетін ұштауға ерекше басым­дық беретіні де айқын сезіледі.

Бесіншіден, туынды авторының түбегейлі мақсаттарының енді бірі тек Біріккен Араб Әмірліктерінің ғана емес, күллі араб әлемінің де жоғарыда аталған ұлы мақсаттарға қол жеткізуіне барынша атсалысу еді. Бұл тұрғыдан келгенде, түпнұсқасы алғаш рет 2006 жылы араб тілінде жарық көрген Дубай әмірінің аталмыш туындысы әлемдік мәнге ие тарихи құжатқа айналып отыр.

Алтыншыдан, кітапта түйінделген ақыл-кеңестер – тек араб әлемінің лидерлеріне ғана емес, сонымен қатар сауда-саттық пен индустрияны да қатар дамытып, БАӘ секілді мол табысқа кенелу­ді мақсат тұтқан өзге мемлекеттер үшін де тамаша үлгі екені шындық. Өйткені БАӘ-нің көшбасшылары текті­лік пен тазалыққа негізделген лидер­ліктің де, менеджменттің де тамаша меритократиялық үлгісін көрсетіп отыр.

Жетіншіден, шейх Мұхаммед әл Мақтумның биік нысаналарға ұмтылуы­на оның алған білімі мен білігі де, әртүрлі биік лауазымды қызметтерде жи­нақ­таған мол тәжірибесі де ықпал еткен десек, қателесе қоймаймыз. Өйткені ол бастапқы білімді өз отанында алса да, қосымша білімді әлемнің оза дамыған Ұлыбритания елінде, дәлірек айтқанда, Шотландияда алған-тын. Ағылшын тілін жетік меңгеріп алғаннан кейін аталмыш елдің Корольдік әскери академиясын да қоса тамамдаған. 1968 жылы еліне оралған соң шейх алдымен Дубайдың полиция күштерінің басшысы, ал одан соң 1971 жылы БАӘ-нің қорғаныс министрі, сондай-ақ 1995 жылдан бастап БАӘ-нің вице-президенті, премьер-министрі әрі Дубай әмірі болып тағайындалады.

Сегізіншіден, шейх мемлекеттің бас­қару тетіктерін жетілдіру мақса­тымен ел экономикасының барлық салада бәсе­кеге лайықты болуын жіті қа­да­ғалай­ды. Мысалы, Дубай үкіметі­нің көш­басшылық бағдарламасы мен Дубай­дағы сапаны бағалау бағдарламасына да бастамашы болды. Осы мақсатта ол араб көшбасшылығы мен ел басқару жүйесін жетілдіре түсуге бағытталған бірнеше марапаттарды да тағайындаған болатын

Тоғызыншыдан, көреген саяси лидер шейх 2006 жылы билік тізгінін өз қолы­на алған сәттен бастап, қайрат-күшін Дубай­ды әлем астанасына айналдыруға ба­ғытталған бірнеше іргелі халықаралық рефор­маларды іске асырды. Шейх Таяу Шы­ғыс аймағындағы ең іргелі де табыс­ты халықаралық корпорациялардың негі­зін қалады. Олардың арасынан «Эмират­тар Әуе­жолы», «Дубай Холдинг», «Дубай Порт­тар Әлемі», туристік «Джумейра Тобы» сынды корпорацияларды ерекше атауға болады.

Шейх Мұхаммед әль Мақтум туындысында БАӘ-нің болашағы мен өзінің лидерлік ұстанымын айшықтай түсетін мына бір метафоралық түйіннің де мәні зор: «Әр күн сайын Африка киігі көзін аша салып, ең жүйрік деген арыстанды шаң қаптырып, құтылып кетуді ойлап тұрады. Себебі олай етпесе, жем болатынын ол жақсы біледі. Керісінше, арыстан да киікті қуып жете алмаса, аштан қататынын сезеді. Адамзат та әлгілерге ұқсас. Сен киіксің бе, жоқ әлде арыстансың ба, бәрі бір. Өз қатарыңның алды болам десең, бәсекелестеріңді басып озуға сен де мәжбүрсің.

Бүгінгі таңда мұнай шейхтерінің елі атанған Біріккен Араб Әмірлік­тері көз ілеспес жылдамдықпен даму­дың арқасында бүкіләлемдік қаржы орталығына да айналып үлгерді. Бұл үдеріске тікелей ықпал етіп отыр­ған негізгі факторлардың бірі – БАӘ-нің үдемелі әрі үнемі тұрақты дамып отырған инновациялық экономикасы және күллі әлемге танымал Лондон, Нью-Йорк және Гонконг секілді іргелі капитал нарықтарымен қалыптастырып отырған тығыз қарым-қатынастары.

Сосын, Дубай Халықаралық Қаржы Ор­талығында тіркелген 800-ден ас­там шетелдік қаржы компания­лары мен банктерге, сондай-ақ қамсыздандыру ком­панияларының өкілдіктеріне көр­сетілетін басымдықтар мен жеңілдіктерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені әлгі Орталыққа тіркелген өкілдіктерге шетелдік меншікті иеленуге 100 пайыз құқық берілуімен қатар олардың кірісі мен табысына салық салынбайды, шетелдік валюталармен шексіз операция жасауға, сол сияқты Дубай Қаржы Орталығының инфра­құрылымымен, яғни әлгі Орталықта жұмыс істеуге қажетті қызмет түрлерінің бәрімен, оның ішінде, әсіресе ақпарат-ком­муникациялық қызмет түрлерін пай­далануға да толық мүмкіндік жасалған.

Саяси көшбасшы ретінде шейхты БАӘ-нің болашақ тағдыр-талайы ғана емес, күллі араб әлемінде, оның ішінде, әсіресе Таяу Шығыс елдеріндегі түрлі дағдарыстар мен соғыс өртіне ұласып жатқан сан қилы шиеленістердің де қатты алаңдататыны анық байқалады. Бұл дағдарыстар мен шиеленістердің бас­­ты себебі шейх Мұхаммед әл Мақтум айтпақшы, ақшамен де, халық­пен де, жермен де, ресурстармен де бай­ла­нысты емес. Өйткені олардың бар­лығы да араб елдерінде жетіп артылады. Сон­дықтан да «араб әлеміндегі әлгі кесепат­тардың түп-тамыры қайда жатыр?» деген риторикалық сұраққа шейх лидер­лікте, менед­жментте, эготизм­де», деген үш сөзбен ғана жауап қайы­­рады. Бұл жерде шейх лидерлік пен менед­ж­мент­ті теріске шығарайын деп отыр­­ған жоқ, керісінше, эготизм бол­ған жерде көш­бас­шылық та, сол көшбас­шы­лық­ты айқындайтын билік жүйесінің са­па­сы мен тетіктері де түкке алғысыз бо­ла­­ты­­нын меңзеп тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі

«Егемен Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444