«Ісі оңдының – малы қоңды»

Жамбыл ауданындағы шаруа қожалықтары қазіргі уақытта құлашын кеңге жаюда. Мал басын көбейтіп, қолда барына қанағат етіп келеді. Барлық ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарының қазіргі тыныс-тіршілігі көңілге тоқ. Мақсаттары бір, ойлары ортақ бағыттары анық. Шаруасын дөңгелетіп, тіршілік керуеніне ілескен шаруа қожалықтарының бірі Ақсеңгір ауылдық округіндегі «Санжар» шаруа қожалығы. Өзгелер сияқты бұл қожалық 2012 жылы құрылған. Актесіктегі мал қашарын 7 гектар жер телімімен сатып алып, өз шаруаларын бастаған екен. Қожалық жетекшісі Тұрсынғали

Сарыбаев шаруа жағынан іс-тәжірибесі  мол іскер азамат. Шаруа жайына бейім ұлы Серғали болса, барлық жұмысты өз қолына алған. Өз ісіне мығым Тұрсынғали аға мал бағудың барлық жағдайын ұлына үйретіп, қожалық жұмысын қожыратпай келеді. Меншігінде бүгінде 60 аналық сиыр, 12 тана, 450 бас қой, 32 жылқы, оның ішінде 12 бие арнайы күтімге алыныпты. Техникадан 2 МТЗ 50 тракторы, тырма, шөп шапқыш, УАЗ автокөлігі өз қажеттеріне жарауда екен. Жылына 10 гектарға жаздық арпа сеуіп, күзде жинап, малға азық ретінде пайдаға асыруда. Бұдан бөлек 4 гектарға жоңышқа тұқымы себілген. Оны да жыл сайын шауып алып пайдаға асыруда. Шабындық жерден жинап алған шөп қысқа жеткілікті. Қорасы жылы, малы қоңды қолдағы малға бір мезгіл жем-шөп беріп, қас-қабағына қарап келеді.

– Халқымызда «Ісі оңдының – малы қоңды» деген қанатты сөз бар. Алғашқы күннен бастап ісіміз оңға басты. Біртіндеп мал санын көбейтіп, қанға сіңген ата кәсіппен айналысып келеміз.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздер сияқты шаруа адамдарына көңіл бөліп, қожалық жұмысының жандануына баса назар аударуда. Мал өсіремін, жұмыс істеймін деген адамға мол мүмкіндік беріп отыр. Төрт-түлік мал қашанда табыс көзі ғой, еті, сүті, жүні, құрты мен майы, айран-қатығы, ірімшігін күнделікті тұтынып келеміз. Зайыбым Әуес екеуміз ұлым Серғали мен келініміз Гүлжанға бас-көз болып, өз білгенімізді жастарға үйретіп отырмыз. Қашанда табыс көзіне айналған мал құт-береке ғой қарағым байып кету мақсат емес бұйырған ризық-нәсіпке қол жеткізу арқылы ел дәулетін еселеу. Үй жылы, малға жайылым бар, қысылатын жағдай жоқ. “Қанағат қарын тойғызар” қағидасына арқа сүйеудеміз. Ерте тұрып, отбасы мен елдің амандығын тілеп, жылымыз жемісті, өміріміз келісті болсын дейміз, – деді. Біз де шаруасына мығым, жұмысы жүйелі қожалық иесі Тұрсынғали ағамызға қораңыз малға, отбасыңыз жанға толсын деуді жөн санадық.

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444