Қордайдағы жылыжайда аквапоника әдісі қолға алынбақ
Қордай ауданы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында агроөндірістік кешенге озық технологияларды енгізу ісінде көш бастап келеді.
Мәселен, заманауи жылыжай өндірісін мықтап қолға алған «GREENWILL» ЖШС осы күнге дейін қызанақ және қияр өсірумен айналысса, енді биылдан бастап аквапоника әдісін қолға алмақ. Яғни, серіктестіктің жоғары технологиялы жылыжай кешенінде бірден балық пен өсімдік өсіруге мүмкіндік туып отыр. Айта кетсек, мұндай озық технология Қазақстанда алғаш рет қолға алынғалы тұр.
Жалпы, ауданда орын тепкен жылыжай кешені аквамәдениет (балық өсіру) пен гидропониканы (өсімдік өсіру) байланыстырған ауылшаруашылығын жүргізудің бірден бір үлгісі болып табылады. Мұнда кәдімгі табиғаттағыдай томаға-тұйық экожүйе, яғни балық пен өсімдіктердің қатар өмір сүруіне қолайлы органикалық орта қалыптастырылмақ. Онда балықтардың тіршілік әрекетінен қалған қалдықтар өсімдіктердің өсіп-өнуіне құнарлы орта қалыптастырса, өсімдіктер өз кезегінде өсірілетін балықтарға суды тазалау үшін табиғи сүзгі болып табылады. Осылайша, шөгіндіден тазаланған сусалат, ақжелкен, аскөк және т.б. тамақтың дәмін келтіретін хош иісті өсімдіктерді өсіруге қолданылатын құнарлы ерітіндіге айналады.
Жүйе балық пен өсімдіктердің табиғатта өсіп-өнуінің табиғи кезеңіне толығымен сай келеді, сондықтан химиялық тыңайтқыштар мен басқа органикалық емес қоспалар қолданылмайды. Жалпы, көкөністі өсірудің аталмыш әдісі жоғары өнімге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Құны 923 млн. теңгені құрайтын жоба Оңтүстік Кореяның инвесторларының көмегімен іске аспақ. Жылыжай кешеніне қажетті инфрақұрылым да жүргізіледі. Бүкіл жұмыс автоматтандырылған. Монтаждау жұмыстарын кореялық мамандар басқаруда.
Мұнда жылына 300 тонна «Айсберг», «Руккало», «Листовой», «Роблен» сынды жоғары өнімді салат сорттарын және 41 тонна балық өсіру жоспарланған. Айта кетсек, қазіргі таңда бұл салаттардың 80 пайызы елімізге Орталық Азия, Қытай, Израиль және Польшадан әкелінеді екен.
Мұнымен қатар, жылыжай кешенінің маңынан балықты бастапқы өңдеу цехының құрылысы жоспарланған. Жылыжай екі жылдан кейін толық көлемде іске қосылмақ.
Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қайрат Мәметовтың айтуынша, мемлекет тарапынан барынша қолдауға ие болған жоба Жамбыл облысының кәсіпкерлікті дамыту картасына енгізілген. Сонымен қатар, мұнда 20 жұмыс орны ашылып, өндірілген өнім базардағыдан төмен бағамен саудаланбақ. Осының нәтижесінде бюджетке жылына шамамен 1,2 млн. теңге кіріс кіретін болады. Ал, бұл өз кезегінде ауданның әл-ауқатын арттыруға өзіндік оң ықпалын тигізбек.