Шу ауданының өнеркәсіп, ауылшаруашылық саласы ілгерілеу бағытында
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау қажеттігін ескерткен болатын. Бұл ретте Елбасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына баса мән беруді тапсырды. Президент Жолдауында айтылған бұл міндеттерді жүзеге асыру барысында Шу ауданында атқарылып жатқан шаруа көп екенін мақтанышпен айтуға болады. Яғни, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында елімізде 2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жүзеге асырыла бастады. Әсіресе, шалғай өңір тұрғындарының екі қолға бір күрек тауып, тұрмысы түзеліп кетуіне лайықты жағдай жасау жоспарланған. Бұл бағытта Шу ауданында да бірқатар жұмыстар атқарылып отыр.
Шу ауданында нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша жүз адамға шағын несие беріп, «Бастау бизнес» жобасы аясында 187 адамды оқыту жоспарланған. Бүгінде жүз тоқсан үш азамат аталған жоба арқылы кәсіпкерлік негіздерінде оқып сертификат алған. Биыл осы бағдарлама шеңберінде жетпіс адам несие алу үшін 240 миллион теңге бөлінді. Соның бірі Көкқайнар ауылындағы «Жылқыбай» шаруа қожалығы. Қожалық бес жүзге жуық мал бағып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Келесі жылы шаруа қожалығы бағдарламаның екінші бағыты бойынша төрт миллион қаражат алып, мал басын көбейтсем деген ниеті бар. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтудың басқа да механизмдері бар. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жеке бизнес ашуды немесе өз бизнесін дамытуды жоспарлаған, осындай жеке кәсіпкерлерді айтуға болады. Міне, «Жылқыбай» шаруа қожалығы ауыл азаматтарында жұмыспен қамтып отыр. Мұнда бес адам жұмыс істеп, уақытылы жем, шөбін дайындап отырады. Бүгінгі уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында Шу ауданында атқарылған жұмыстар аз емес. Ауданның өнеркәсіп, ауылшаруашылық саласы қазіргі таңда ілгерілеу бағытында.