Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жеңілдіктер қарастырылады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халық саны 8,6 млн адамды құрады, оның ішінде 6,5 млн адам жалдамалы жұмыскер, ал 2 063 мың адам өзін өзі жұмыспен қамтығандар.

Өткен жылы Жамбыл облысында өз бетімен жұмысқа тартылғандардың ұзын саны 222 мың 500 адамды құраған. Бүгінгі күнге олар 178,4 мың болып, 44 мың адамға азайып отыр. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков мәлімдеді. Сондай-ақ, брифингте келер жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем туралы заң күшіне енгізілетіндігі сөз болды.  Елімізде азаматтардың құқығын қорғау бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Алайда әлеуметтік және еңбек құқығының толық пакетін ұсыну үшін өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды формализациялау қажет. 2010 жылдан бері өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі азайып келеді. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін формалды емес жұмыспен қамтылған халыққа, яғни қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етушілерге ұйымдастырушылық, құқықтық мүмкіндік беруге бағытталған арнайы механизм жасалу үстінде. Ол – Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) механизмі. БЖТ өзін өзі жұмыспен қамтығандарға зейнетақы жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. БЖТ жаңа салық түрі емес, бұл төлемнің төрт түрін, яғни жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға жағдай туғызады.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Бірыңғай жиынтық төлем енгізуді тапсырған болатын. Президент өз сөзінде ең маңызды мәселелердің бірі – өзін өзі жұмыспен қамтушыларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту екенін атап өтті. «Табысынан ешқандай төлем жасамайтындар бар және тиісінше, олар зейнетақы жүйесімен және әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер жасалды. Өзін өзі жұмыспен қамтушыларды тіркеуді жеңілдету үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізу ұсынылады. Оны төлеу өзін өзі жұмыспен қамтушылардың медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне, зейнетақымен қамсыздандыруға қатысуға мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.

Ал, облыста нәтижелі жұмыспен қамтылғандар 44 мың адамға, ал нәтижесіз өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың саны 70 мыңға кеміген. Мұндай көрсеткішке қол жеткізуге басқарма тарапынан жүргізілген өзектендіру жұмыстарының септігі тиіпті. Ал мәртебесі анықталмаған азаматтармен де қазіргі кезде жоспарлы әрі мақсатты шаралар атқарылуда.Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейітбеков «Бірыңғай жиынтық төлем» — өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар үшін енгізілетінін айтып өтті. Оны төлеу, не төлемеу — әрбір адамның өз еркі. Десе де, бұл төлемді жылдық табысы 100 АЕК-тен, яғни 240 500 теңгеден аспайтын азаматтар төлей алады.

Осылайша, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бір төлеммен төрт бірдей жарнаны жасай алады, яғни жеке табыс салығы мен зейнетақы қорына түсетін төлем, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жарналары.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444