Еңбек адамын ардақтайық
Қай заманда да адам баласы үшін ерен еңбектің орны ерекше. Адал еңбек адамды ер атандырады, ұрпаққа үлгі етеді, мерей-шаттыққа бөлейді. Өмірдің өзі еңбектен тұрады. Шынайы еңбек-шапағаты мол бірлік пен бағасы қымбат бақытқа жетелейтіні ақиқат. Мемлекетімізде Елбасымыздың бастамасымен түрлі кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар жасалып, еңбек етем деген адамдарға қолайлы жағдайлар қарастырылған. Н.Назарбаев жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру идеясын нығайту мақсатында «Еңбек күнін» атап өту жөнінде Жарлыққа қойып, содан бері жыл сайын Еңбек күнін атап өту дәстүрге айналып келеді.
Тараз қалалық Мәдениет үйінде «Еңбек күні» мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Елімізде жыл сайын қыркүйек айының соңғы онкүндігінде «Еңбек күні» мерекесі күні ретінде белгіленген. Яғни, облыс экономикасының әртүрлі салаларында еңбек өнімділігін арттыруға қомақты үлес қосқан еңбек озаттарына құрмет көрсету парыз.
Ұйымдастырылып отырған шараға облысымыздың еңбек ұжымдарынан ең үздік еңбеккерлердің өкілдері қатысты. Олардың арасында, облысымызда алғашқылардың бірі болып ұзақ жылдар химия өнеркәсіп саласында басшылық құрамында еңбек етіп келе жатқан М. Искандеров «Еңбек ері» атанса, «Еңбек даңқы» орденінің алғашқы иегерлері Виктор Петренко, Владимир Радионовта осы іс-шарада бой көрсетті. Бұл мереке өз ісінің нағыз маманы болған, отбасылық кәсіпке айналдырған еңбек майталмандарын ұлықтау, кейінгі ұрпаққа насихаттау. Еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға, өндірістік қызметтерді ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарды насихаттау мен көпжылдық еңбек дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.Сонымен қатар, жұртшылықты еңбек ұжымдарының тыныс-тіршілігімен таныстырып, озаттар мен үздіктердің ізгі жолын, еңбек әулеттерінің өнегелі қырларын көпке үлгі ету, сол арқылы адамдарды еңбекке баулып, ынтасын арттыру көзделген.
Кеш барысында облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов құттықтау сөз сөйлеп, көпжылдық жемісті еңбегі және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар еңбеккерлерді марапаттады. Жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.