Нар тұлға

Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл ауданы, Айша-Бибі ауылында мектеп оқушылары Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметұлымен  кездесу өткізді. «Қазақты танығың келсе, Абайды оқы…» деген сөз бар. Ал, осы ұлы ақынды зерттеуге бүкіл ғұмырын арнап қана қоймай, халыққа ғұлама Ясауи, қаһарман Бауыржан Момышұлы, Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұлов турасында зерттеу еңбектерін ұсынған ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен жүздесу әсерлі өтті.  Сондай-ақ, Мекемтас Мырзахметұлы – абайтанушы, бауыржантанушы, яссауитанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және халықаралық «Түрік еліне қызмет» сыйлығының, Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Астана 10 жылдығы» медалінің, Б.Момышұлына арналған «Құрмет белгісінің», дүниежүзілік қазақ тілі қоғамының «Ана тілі» белгісінің», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін белгісінің» иегері, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ол  Абай мұрасының шығыспен байланысын терең зерттеген, «Абай» энциклопедиясы мен М.Әуезовтың 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға ат салысқан ғалым.  Абайтанудың библиография көрсеткіштерін құрастырып, алғы сөздерін жазған. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің түрлі салаларынан мамандар даярлап, ғалымдарға жол көрсеткен Мекемтас Мырзахметұлы оқушыларға естеліктерін, тәжірибесін әңгімелеп, ғылым мен білімнің маңыздылығын айтып түсіндірді. Мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы  жазушымен кездесуге ерекше дайындалды. Абайдың өмірбаянынан сыр шертіп, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының кітабынан үзінді келтіріп, әндерінен шашу шашты.  Балалар ғалым тұлғаға сауалдарын қарша боратып, оның өмір жолы мен зерттеу еңбектеріне қызығушылықпен қараса, өз кезегiнде Мекемтас Мырзахметұлы қазiргi қоғам жайында, елiмiздiң өткенi мен бүгiнi жайлы ғибратты әңгiмелер айтты. Айтулы тұлғаның шығармаларын жас ұрпаққа дәрiптеу, еңбектерiн насихаттауға арналған кештi мектеп директоры қорытындылады. Айша-бибі орта мектебінің мұғалімдері бұл кездесу шәкірттерге әдебиет пен ғылымға деген құштарлығын арттырып қана қоймай, алдағы уақытта маман таңдауда да өз септігін тигізеді деген ойда.  Жастарға үлгі болып, ақыл берген ғалым аталарын оқушылар ортаға алып, естелікке суретке түсті, қолтаңба алды. Ақсақалын құрметтеген жастарға ел-жұрт ризашылығын білдірді.

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444