Құрылысқа жергілікті өнімдер қолданылады
Жаңа мәртебеге ие болып, құрылыс қарқын алған Түркістанда өндіріс те өркен жая бастады. Бүгінде қалада салынатын ғимараттарға тек жергілікті өнімдерді пайдалану үшін тиісті жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Биыл ғана басталған іс аз уақыт ішінде нәтиже бере бастады. Шаһардағы индустриалды аймақта көптеген кәсіпорындар іс бастап алғашқылары дайын өнімшығаруға қол жеткізді. Солардың бірі темір бетон бұйымдарын шығаратын «Строй сервис 21» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жақында ғана іс бастаған бұл кәсіпорын құрылысқа қажетті темір бетон бұйымдарының бірнеше түрін шығарады. Атап айтқанда, есік-терезеге қажетті белдемшелер мен бетон жабындыларын сұранысқа сай құйып береді. Бір қуантарлығы қажетті өнімдердің барлығы өзіміздің өңірде өндіріледі. Мәселен, арматура мен цемент Шымкенттен жеткізілсе, қиыршық таспен қалған өнім қала маңынан тасымалданады.
Мұхтар Ақылбеков – инженер – технолог
«Қазір бұл кәсіпорында 2 ауысымда 40-тан астам азамат жұмыс істейді. Күніне орта есеппен 200 шаршы метрден астам бетон жабындылары мен 200 метрдей белдемше құйылады. Кәсіпорын жаңадан іске қосылғандықтан, орташа айлық жалақы 85 мың теңге көлемінде. Егер тапсырыс артып, жұмыс көлемі көбейсе, жалақының да жайы жақсармақ».
Амангелді Рыспамбет – жұмысшы
«Негізінде бұл кәсіпорынның толық іске қосылуы екі кезеңді қамтиды. Әзірге, тек бірінші кезеңі ғана бітіп отыр. Құрылыстың келесі сатысы жыл аяғына деп жоспарланған. Егер сол іс аяқталса, өнім көлемі екі есеге артып, жұмысшылар саны да көбейеді. Сонымен қатар, болашақта өндірілген өнімді көрші өңірлерге экспорттау жағы да жоспарланған».
М. Жарылқасын