Түркістанның қымыраны Қытайға жол тартпақ

Әу баста қазақтың көне шаһары, рухани астанасы ретінде мәлім болған Түркістан енді өңірдің бас қаласы кейпінде жаңа тарихын бастамақ. Әсіресе, қаланың аумағы өсіп, халқының саны артып, көптеген әлеуметтік, мәдени нысандар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, сонымен қатар, жаңа өндіріс орындарының пайда болуы да Түркістанның дамуына жаңаша леп беретіндей. Бұлай деуіміздің себебі, бүгінде шаһарда бүкіл республикада теңдесі жоқ жаңа жоба жүзеге асырылуда. Ендігі әңгімеміз түйе және бие сүтін өңдейтін осы «Golden Camel» кәсіпорны жайында өрбімек. Бұл жоба бастапқыда қалай қолға алынды? Кәсіпкер Сәкен Арапбаев 2015 жылы қытайлық инвесторлармен бірігіп тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын зауыт салуды ұйғарады. Содан үш облысты аралайды. Оның ішінде біздің де өңір бар. Дәл сол кезде біздегі басшылық инвесторларға түйе сүтін өңдейтін жобаны жүзеге асыруға ұсыныс білдіреді. Бірнеше келіссөзден кейін кәсіпкерлер ұсынысқа келісімдерін береді. Бүгінде «Golden Camel group ltd» компаниясының директорлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметіндегі С.Арапбаев Қытайдың Хай Лунь Жан провинциясының Дацинь қаласында әлемге әйгілі сүт өңдейтін компаниялар барын, солардың тәжірибесі бойынша өзімізде алдымен 1-2 ай маркетингтік жұмыстар жүргізіп, шикізат базасын зерттеп көргендерін айтады. Соңында түйе сүтін өңдейтін зауыт соғуға болады деген қорытындыға келеді. Тіпті, Қазақстанда өндіріп, сыртқы нарыққа сатса, тиімдірек болатынына көз жеткізеді. Оның үстіне, экспорт мәселесінде Үкіметтің қолдауы бар. Кәсіпкер түйе сүтінен ұнтақ жасауға болатынын 20 жыл бойы естіп келемін дейді. Қарағандыда саумалдан ұнтақ шығаратын кәсіпорын бар. Бірақ, бар мәселе оны әлемдік нарыққа шығаруда болып тұр. Сүт күйінде қиын. Алыс жолға шыдамайды. Ал, ұнтақ ұзақ сақталады. Сондықтан алыс елдерге экспорттаса, тиімділігі мол болады.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444