Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде балабақша ашылады
Түлкібас ауданы, Тастұмсық ауылының бетке ұстар орталық көшесіндегі бұрынғы «Нұр» дәмханасы енді мұнан былай 100 орындық балабақша болып ашылмақ. Ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Жанна Сапарбаева қолға алған бұл жоба – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге аспақ. Балабақша құрылысы қыркүйек айында толығымен бітеді деп күтілуде. Қазіргі таңда ашылу рәсімін өткізуге әне-міне қызу дайындық үстінде.
Сонымен қатар, ауданның 90 жылдығы қарсаңында округ әкімдігінің қызметкерлері жиналып, аталған көшенің бойында орналасқан тұрғын үйлердің қасбетін көркейту мақсатында үй қожайындарымен келіссөз жүргізген. Қазіргі таңда біршама тұрғын үйлердің сырт келбеті, қақпалары көз тартарлықтай боялып, әктелген. Тұрғындар тазалыққа бет бұрған, біршамасы есік алдына ағаш-көшеттерін көбірек егіп, көркейтуді қолға алған. Сондай-ақ, бас көшенің бойынан жүріп өткен газ құбырлары бұрын-соңды бояламаған болатын, әкімдік қызметкерлері бас болып, қап-қара темір құбырларды ашық түске бояп шығыпты. Тағы бір айта кетерлігі, мұндағы көшеге электр үнемдегіш диодты түнгі жарықшамдар орнатылатын болады, қазіргі таңда мемлекеттік тапсырып бойынша жеңімпаз атанған «Сәулет 2012» ЖШС-і 67 шамды аталған көшеге қоймақ. Бұл бойынша да жұмыс жүріп жатыр.