Кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ
Бүгінде Түркістан облысына қарасты барлық аудандарда индустриалды аймақ құру мәселесі шешімін тауып келеді. Аудандардан жырақта жатқан ауылдарда да индустриалды аймақ құру жоспарда бар. Сарыағаш ауданына қарасты Жылға ауылдық округі аумағында орналасқан индустриялдық аймақтың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген болатын. Алайда, ауыз су мәселесі шешілмегендіктен инфрақұралым жүйелері құрылысын жүргізу үшін қаржы бөлінбеген. Дегенмен жақын аралықта бұл мәселе шешімін тауып қалады дейді атқамінерлер. Сондай-ақ, ауданда индустриалды аймақты құру мақсатында, Құркелес ауылдық округі аумағынан 100 гектар, Дарбаза ауылдық округі аумағынан 50,0 гектар жер учаскелері анықталып, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгеріміне алу үшін құжаттар рәсімделуде. Аталған ауыл округтерінде индустриалды аймақ ашылса бұл кәсіпкерлер үшін тиімді болары сөзсіз. Онсыз да істің көзін таба білетін сарыағаштықтар үшін тағы да бір мүмкіндік туар еді. Жалпы өткен жылы «Индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде ауданда жалпы құны 470,0 млн теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба кәсіпкерлік қолдау картасына енгізілген болатын.