Мол табысқа кенеліп отыр
Түркістан облысыдағы Түлкібас ауданы, Керейт ауылында 2012 жылы өңірлік индустриялды карта шеңберінде «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС іске қосылған болатын. Бекіре тұқымдас балық өсіру фермасы бүгінде қанатын кеңге жайып, өндірісін өрге өрлетіп отыр. Жобаның жалпы құны — 452 млн теңге. Кәсіпорын жылына 40 тонна балық еті мен 30 келі қара уылдырық өндіруге қауқарлы. Бұдан бөлек балық өсіру ісінде мол табысқа кенеліп отырған «First Fish Company» ЖШС-інің де балық өсіруде тәжірибесі мол. Бүгінде өңірімізде балық өнімдерін қайта өңдейтін — 3, балық өсіретін 28 шаруашылық бар. Мәселен, олар 2016 жылы 5213 тонна балық өнімдерін өндірген. Деликатес өнімдеріне деген сұраныс бір сәтке де төмендеген емес. Оның үстіне Түлкібас ауданы балық өсіруге өте қолайлы аймақ. Аталмыш серіктестік мамандары үнемі шетелдерге барып балық өсірудің қыр сырына қанығып, тәжірибе алмасып қайтады. Ашылғанына 6 жылдан астам уақыт болған компанияның балық өсіру ісінде өзгелерге үйретері де көп. Алдағы уақытта балықтың өзге түрлерін өсіруді қолға алмақты жоспарлап отырған жайлары бар.