Сараптамалық сессия қорытындысы — МӘМС жүйесі түбегейлі өзгерісті талап етеді

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры Алматы қаласында «МӘМС жүйесі: проблемалар және оны шешу жолдары» атты Стратегиялық сараптамалар сессиясын өткізді.

Шараға Қуаныш Керімқұлов, Қайырғали Көнеев, Ерлан Нұрпейісов секілді отандық денсаулық сақтау саласының сарапшылары, қоғамдық және медициналық ұйымдардың өкілдері, МӘСҚ Басқарма төрағасының орынбасары Гүлжан Шайхыбекова, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі Лейла Иманғалиева және Қордың аймақтық белсенділері қатысты.

МӘМС жүйесінің мақсаты – халыққа медициналық көмекті қол жетімді ету әрі мемлекетке түсетін қаржылық жүктемені азайту. Дегенмен, қазір медициналық көмектің сапасына көп қазақстандықтардың көңілі толмайды, ал денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері сақтандыру жүйесінің тиімсіздігін айтып жүр.

2024 жылдың 7 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің (МӘМС) іске қосылғанына бес жыл толса да, медициналық көмектің сапасы жақсармағанын, көптеген қызметтің әлі де қолжетімсіз екендігін айтқан. Президент «осы жылдар ішінде саланың бюджеті екі есеге өскеніне қарамастан, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады» деді.

Сессия барысында атап өтілгендей, медициналық сақтандыру проблемасы әсіресе сақтандыру жарнасын төлеп жүрген азаматтар үшін өте өзекті. Мұны «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры жүргізіп жатқан әлеуметтік мониторингтің алдын ала нәтижесі көрсетіп отыр. Оған қатысушылардың 84% жарна төлеп, сол үшін сапалы қызмет алғысы келетін азаматтар.

«Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін тиімді дамыту үшін жұртшылықты тарту, билік жүргізетін жүйеге қандай да бір жаңалықтардың әрбір кезеңінде қоғамдық бақылауды енгізу өте маңызды деп санаймыз. Қазір мемлекет медицинаны дамытуға қомақты қаражат бөлуде, қазақстандықтар МӘМС жарналарын төлейді, бірақ коммерциялық клиникаларда медициналық қызметтер алуға мәжбүр. Себебі МӘМС аясындағы қызметтер мемлекеттік клиникаларға жүгіну кезінде қолжетімді емес және көбінесе сапасы төмен. «Әділдік және Өркендеу» қоры жүргізіп жатқан әлеуметтік мониторинг бұл қанағаттанарлықсыз көріністі айқын растайды», — деп атап өтті стратегиялық сессияның модераторы, Түркістан облысындағы Қор белсендісі Әдемау Толысбаева.

Қордың статистикасына сәйкес, қазір халықтың медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі төмен:

▪️Респонденттердің жартысына жуығы (шамамен 48%) жеке медицина қызметтерін пайдалануға мәжбүр, тек 35% (үштен бірі) – МӘМС полисі бойынша емделеді;
▪️МӘМС қызметтерін пайдаланушылардың шамамен 25% ғана сапасын жақсы, ал 45% астамы нашар деп бағалайды, 20% жуығы МӘМС қызметтерінің сапасын қанағаттанарлық деп санайды;
▪️тек 15% жүйенің қолжетімділігін «жақсы және өте жақсы» деп бағаласа, шамамен 30% «қолжетімсіз әрі қолайсыз» деп бағалаған, ал респонденттердің қалған үлесі жүйенің қолжетімділігі мен қолайлылығын орташа деп есептейді.
▪️Респонденттердің 60% жуығы медициналық қызметтердің сапасы мен қол жетімділігінде оң өзгерістерді байқамағанын жазса, шамамен 15% медициналық қызметтердің қол жетімділігі мен сапасы керісінше нашарлап кетті деп бағалаған.

Әлеуметтік мониторинг қатысушылары медицина саласының қазіргі проблемалары ретінде төмендегі мәселелерді көрсеткен:

▪️Учаскелік дәрігерлердің жетіспеушілігі (сауалнамаға қатысқандардың шамамен 40% )
▪️Дәрігерлер біліктілігінің төмендігі (сауалнамаға қатысқандардың 30% астамы)
▪️Тегін стоматологиялық қызметтердің болмауы (сауалнамаға қатысқандардың 40% астамы)
▪️Заманауи медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі (сұралғандардың 30% астамы)
▪️МӘМС жүйесінсіз медициналық қызметтерді ала алмау (сауалнамаға қатысқандардың шамамен 25%)
▪️12% астамы — медициналық мекеменің техникалық және санитарлық жағдайының нашарлығы
▪️Шамамен 10% дәріханалардың қажетті дәрі-дәрмектермен нашар қамтылуын атап өткен.

Сауалнамаға қатысқандар медициналық көмекке жүгінген кезде ең жиі кездесетін қиындықтардың қатарына мыналарды жатқызады:

▪️Үлкен кезектер (сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы)
▪️Дәрігерлердің немқұрайлылығы мен дөрекілігі (сауалнамаға қатысқандардың 30% астамы)
▪️Бейінді маманның қабылдауына жазыла алмау (сауалнамаға қатысқандардың 25% астамы)
▪️Тегін стоматологиялық қызметтердің болмауы (сауалнамаға қатысқандардың 40% астамы)
▪️Дәрігерлер қабылдауының нашар ұйымдастырылуы мен колл-орталықтарының нашар жұмысы (сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі атап өткен)
▪️20% астамы қажетті анализдерді уақтылы тапсыру мүмкін еместігін;
▪️13% астамы қажетті тегін дәрі-дәрмектерді алу қиындығын;
▪️Шамамен 10% жедел жәрдемнің нашар жұмысын атап өтсе.
▪️Шамамен 8% дәрігерлер қателігімен бетпе-бет келген.

Сауалнамаға қатысқандардың пікірінше бұл мәселелердің себебі мыналар болуы мүмкін:

▪️Мемлекет тарапынан қаржыландырудың жеткіліксіздігі (20% астам)
▪️Саладағы сыбайлас жемқорлық (шамамен 30%);
▪️Дәрігерлер біліктілігінің төмендігі (30% астамы);
▪️40% жуығы МӘМС жүйесі бойынша қызмет көлемі тым шектеулі деп есептейді;
▪️20% астамы медицина қызметкерлерінің жүктемесі тым жоғары деп есептейді;
▪️10% -астамы дәрігерлердің жалақысы төмен деп санайды;
▪️Шамамен 20% медициналық мекемелер мен мамандардың жұмысын бақылау тым әлсіз және дәрігер қателігі үшін жаза жұмсақ деп санайды.

Әлеуметтік мониторингтің алдын ала нәтижелерінің маңызды қорытындысы – сауалнамаға қатысушылардың жартысы проблемалардың басты себебі — азаматтардың өз құқықтарын білмеуі әрі көрсетілетін медициналық қызметтер жөніндегі ақпараттың жеткіліксіздігінен деп санайды.

Стратегиялық сессияның қорытынды құжатына сарапшылардың мынандай ұсыныстары енгізілді:

▪️Ел азаматтарына медициналық сақтандыру түрін (ынтымақты немесе ерікті) таңдауға мүмкіндік беру.
▪️Медициналық қызметтердің бағасын төмендету. Бұл міндетке жаңа медициналық қызмет көрсетушілерді тарта отырып нарықтағы бәсекелестікті арттыру арқылы жетуге болады.
▪️Азаматтарға кез келген медициналық ұйымда және олар үшін қолайлы кез келген жерде скрининг қызметін алу мүмкіндігін беру. Денсаулық сақтау органдары бұл қызметтерді әрбір қазақстандыққа тіркелген жері бойынша емес, кез келген емханада көрсетуі керек.
▪️Жекеменшік медициналық ұйымдарға жүгінген кезде азаматтардың міндетті медициналық сақтандыру аясында жинақ ақшасын пайдалануына мүмкіндік беру.

«Әділет және Өркендеу» қоры өз жанынан Қоғамдық денсаулық сақтау комиссиясының құрылғанын хабарлады. Комиссия шарада көтерілген барлық ұсынысты жинақтап, Үкіметтің қарауына жібереді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444