ШЫМКЕНТТЕ ОҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БАР

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Е.Білісбеков қаланың даму стратегиясы аясында өзі жетекшілік ететін салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.

– Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында маңызды салалардың бірі — қаржы саласы. Биылғы түсімдер жоспары 451 млрд. 275,4 млн.теңгені құрайды. Оның ішінде салықтық түсімдер, салықтық емес және негізгі капиталды сатудан түсімдер мен трансферттер. Биыл 5 айда жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 121,8%-ға орындалды. Сондай-ақ, бюджеттің шығыстар бөлігін орындау жөніндегі көрсеткіштердің де оң бағытта екенін атап өткім келеді. Өткен жылдың қорытындысымен 452,7 млрд.теңге бюджет қаржысы игеріліп, жоспарланған меже 99,7%-ды құраған болатын. Бұл — біздің қаламыздағы соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіш, – деді Ерғали Дәулетбекұлы.

Спикердің сөзінше, Шымкент республикалық қала статусына ие болғалы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жоғарылап, оң өзгерістер байқалған. Үш жылдың ішінде қалаға 1 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылып, 1,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 5 айында 36 969 аз қамтамасыз етілген отбасыға 7,3 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Осы көмекті алушылардың ішінде 1-6 жасқа дейінгі балалары бар отбасылардағы 34 193 балаға «Грамад» сауда орталығы арқылы 131 392 дана кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылды. Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 21 841 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, жыл басынан бері жоспар 41,9 пайызға (9 155 адам) орындалды.

Айта кетейік, өңіріміздің тұрғын үй алу тізімінде 44 850 азамат тіркелген. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылы 976 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, бес айдың қорытындысы бойынша 608 азамат тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 300 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 18 пәтер жетім балаларға, 148-і көпбалалы отбасыларға, 142 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына қолданысқа берілді. Қалған 368 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып тапсырылуына қарай үлестірілетін болады.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото – Ернар Мамыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444