ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІ ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
«Аntikor ortalyǵyнда» Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағалидің қатысуымен жыл қорытындысымен есеп беру брифингі өтті.
Шара барысында қоғамда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қолға алынған жобалардың нәтижелері мен жедел-тергеу бағыты бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды.
«Карантиндік шаралар кезеңінде, цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, «Antikor Live» және «Adal Komek» жобалары іске қосылды. Аталған жобалар халықты толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау бойынша тиімді алаңға айналды. Сондай-ақ, жобалар қоғам мен мемлекеттік құрылымдар тарапынан кең қолдау тапты.
Олардың жүзеге асырылу сәтінен бастап (2020 жылдың наурыз айынан) 870 тікелей эфирлер ұйымдастырылып, мегаполистің 630 мың тұрғындар қамтылған» — деді Асхат Жұмағали.
Сонымен қатар, спикер «Сапалы жол», «Бизнес пен инвесторларды қорғау», «Ашық бюджет» жобалары мен мемлекеттік сатып алу мониторингі, жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелерінен, дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен қатар заңның үстемдігі және сыбайлас жемқорлық үшін жазалаудың бұлтартпастығы маңызды қағидаттар болып қалады.
Оларды жүзеге асыру біз үшін басым міндет болып табылады, олар қылмыстық-құқықтық тетіктерді қолдану арқылы жүзеге асырылады» — деді Асхат Жұмағали.
Өткен жылы Департаментпен 118 қылмыс тіркелсе, оның ішінде 87-і немесе 74% сыбайлас жемқорлық сипатындағы, 86 қылмыс ауыр қылмыс санатына жатады» — деп хабарлады Департамент басшысы А.Жұмағали.
Тіркелген қылмыстардың ішінде парақорлық (53) және жымқыру фактілері (47) басым.
Салалар бойынша анықталған қылмыстардың ең көп саны білім саласында 31, құқық қорғау блогында 20 факт, ауыл шаруашылығы саласында – 15, денсаулық сақтау саласында -12, әлеуметтік қамтамасыз ету және құрылыс салаларында – 8-ден, жер қатынастарында 6-дан тіркелген.
Іс-шара барысында Департамент басшысы А.Жұмағали сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 53 тұлға әшкереленгенін, оның ішінде 14-і (26%) әртүрлі деңгейдегі басшылар екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, ол өткен жылы өтініштері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 9 тұлға көтермеленіп, олардың сыйақы мөлшері 1 млн. 635 мың теңгеге жуық соманы құрағандығын хабарлады.
Сонымен қатар, брифингте арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Әсет Әссанди, ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Сәкен Мәжінбеков, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар 2020 жылғы атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер берді.