Шымкенттік кәрістер
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл!
Шымкент қаласында кәрістердің қоныстануы кеңес өкіметінің 1937-1945 жылдар аралығында жүргізген ұлттарды депортациялау саясатымен байланысты.
Бүгінде өңірімізді мекендейтін тоғыз мыңға жуық кәрістің басым бөлігі Шымкент қаласы мен Мақтарал ауданында өмір сүреді. Кәріс этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, 1997 жылы «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ретінде қайта тіркелген. Бүгінде бірлестікке Роза Пак жетекшілік етеді. Кәріс ұлтының өкілдері аймақтың мәдени және саяси өміріне белсене араласады. Сонымен қатар солардың арасында медицина, білім, ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етіп жүргендер аз емес. Білім алуға және сапалы еңбек етуге бейім ұлт.
Кәріс ұлты өкілдерінің қазақ жеріне күштеп қоныстандырылғанына 85 жылдан асты. Кәрістер кеңестік саясаттың құрбаны болған ата-бабаларының ауыр тағдырын еске алады. Қиын-қыстау кезеңде өз тұрмыстары мәз болмаса да, соңғы нанымен бөлісіп, суықта пана болған қазақ халқының дархан пейіліне ризашылықтарын білдіреді.
1937 жылдың 9-қазанында Кеңестік Халық комиссариаты кәрістерді Қазақстан аймақтарына орналастыру туралы арнайы Қаулы қабылдады. Бірақ көшіп келген кәріс отбасылары белгіленген жоспардан асып түсті. 1938 жылдың ақпанына дейін Қазақстанға 20 789 кәріс отбасы, яғни, 98 454 адам жер аударылды. Міне, сол бір қатаң қыстан қазақ шаңырақтарын паналап, аман шыққан кәріс халқы ерен еңбектің арқасында бүгінгі күнге жетті.
Кәрістер қазақтардың көмегі мен қолдауының арқасында, сталиндік қуғын-сүргін кезінде осы жерден өз Отанын тапты. Қазақ халқы өздерінің нан, сүтімен бөлісті.
Сол кездерде қазақ халқы өзіне тән жылы шырайы мен кең пейілін көрсетіп көмектескен. Осыны ұмытпайтын кәрістер әрбір жиындар мен басқосуларда қазақ халқына ризалығын білдіреді.
«Біз қазақ халқына және Қазақстан бәріміздің ортақ үйіміз болғанына ризамыз. Бізге және сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр, яғни осы жақсы істерді ұрпақтарымыздың, сіздердің және біздердің балаларымыздың, олардың немерелерінің, шөберелерінің жалғастыруына ықпал етейік. Сіз тарих сабақтарын ұмыта алмайсыз, өмір бәрін үйретеді. Қазір біз үшін қаншалықты қиын болса да, Президент ұсынған міндеттерді шеше аламыз. 30 дамыған әлемдік державалардың бірі бола алатынымызға сенемін. Бұл үшін бізде барлық жағдай жасалған, ең бастысы, халықтар достастығы бар, өзара сыйластық, сана мен шығармашылық қуат бар! Өйткені біз – өз Отанымыздың, Қазақстан Республикасының патриоттарымыз! »- дейді Роза Пак ханым.