Шымкент: қылмыстық іс аясында қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымымен кездесу өтті
Бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауда.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді тетіктерінің бірі Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы тәртібінде ұсынуларды қарау болып табылады.
Осы мақсатта бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасарлары Т.Серікбаев және Б.Ұзынжас қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымымен онлайн жиын өткізді.
Шарада сөз сөйлеген Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев бірінші басшылардың бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жеке жауапкершілігіне тоқталды.
Департамент басшысының орынбасары Б.Ұзынжас жергілікті тұрғыннан Абай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы заңды түрде темекі өнімдерімен сатуға арнайы рұқсат қағазды тездетіп жасау үшін пара талап еткендігі жөнінде арыз бойынша тіркелген қылмыстық істен хабардар етті. Алайда тергеп-тексеру барысында Басқарманың бас маманы ағымдағы жылдың ақпан айында жұмысынан өз еркімен шығып кеткендігі анықталды.
Осы орайда, алдағы уақытта қызметкерлер тарапынан осыған ұқсас қылмыстық құқықбұзушылықтардың және өзгеде заң бұзушылықтардың орын алуына жол бермеу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы және мемлекеттік қызметшілер туралы заңнамалар талаптарын ұжымда талқылау ұсынылды.
Сонымен қатар, қатысушылар мемлекеттік қызметшіге жүктелген міндеттерін абыроймен атқаруға шақырылып, адал парасатты болуға, парасаттылық парақорлықтан сақтандыратындығын жеткізілді.